«Нұрлы жол» бойынша атқарылған жұмыстың сапасында өрескел қателіктер жіберілуде - Мұхтар Құл-Мұхаммед

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуымен партияның Парламент Мәжілісіндегі Фракциясының кеңейтілген жиналысы өтті. Жиында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды.

Бұл туралы партияның баспасөз қызметінен хабарланды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуын ұдайы қадағалап отырады. Олардың арасында «Нұрлы жол» бағдарламасына ерекше көңіл бөлінеді.

Кеңейтілген отырысты ашқан фракция жетекшісі - Парламент Мәжілісінің вице-спикері Гүлмира Исимбаева осы жылдың 24 наурызында болған фракцияның бірінші жиналысында Мемлекет басшысы бюджет қаржысын және «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға Ұлттық қордан бөлінген қаражатты тиімді жұмсауды қадағалауды күшейту туралы тапсырма бергенін айтты. «Бұл бағдарлама қазіргі кезеңдегі экономикалық саясаттың негізгі ұстыны болып табылады. Сондай-ақ, өзінің әлеуметтік бағытты басты орынға қоюымен де маңызы жоғары», - деді Г.Исимбаева.

Жиын барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед жаһандық дағдарыстың Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік жағдайына кері әсерінің алдын алуға 2014 жылы Елбасымыз іске қосқан инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы көп септігін тигізгенін айтты.

«Жалпы алғанда, бағдарламаны іске асыруға (2015-2019 жылдары) 5,3 трлн теңге (немесе 16,2 млрд АҚШ доллары) көзделген. Кеңес дәуірінен кейінгі кеңістіктегі бірде бір ел жұмыспен қамтуды және экономиканы қолдауға мұншалықты қаражат бөліп отырған жоқ. «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында шамамен 400 мың адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, бағдарлама толық көлемде, яғни 100 пайызға қаржыландырылады. Биыл бұл көрсеткіш 770 миллиард теңгені немесе республикамыздың 2001 жылғы бюджетінен 1,5 есеге артық қаржыны құрады! Бұл - тек бір ғана бағдарлама бойынша бөлінген қаражат! Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ендігі міндеті - осы бөлінген қаржыны тиімді игеру», - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

null  

Президент «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бөлінген барлық деңгейдегі қаржының тиімді әрі уақытылы жұмсалуын қатаң бақылауды партияға тапсырды. Өткен жылы осы мақсатта Мәжіліс пен мәслихаттардағы партия фракциясы жанынан бағдарламаның 5 негізгі бағыты бойынша комиссия құрылды. Аудандарды қоса алғанда еліміз бойынша осындай 231 комиссия жұмыс істейді. Шамамен 400 нысан бақылауға алынған. Бұл жұмысты жергілікті жерлердегі партия фракциясының 700-ден астам депутаты мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері жүргізеді.

«Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асуы ел экономикасы мен халықты жұмыспен қамту мәселесіне айтарлықтай оң әсерін тигізіп отыр. Соның ішінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомагистралінің маңызы ерекше екеніне назар аударып, оның Қазақстанға автожолдардың еуропалық және азиялық аймақтық жүйесімен бірігуге мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Атырау облысындағы «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» Арнайы Экономикалық Аймағының зор әлеуетіне назар аударды. Аталған экономикалық аймақ аумағында полипропиленнен өнім өндіру ісі жолға қойылғанын атап өткен жөн.

Одан бөлек, Мұхтар Абрарұлы «Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі кәсіпкерлікті қолдау екеніне тоқталды. Бұл бағыт бойынша 2015 және 2016 жылдары 185 миллиард теңге бөлінген. Соның арқасында өткен жылдың басынан бастап шағын және орта бизнестегі 419 отандық субъект 72 миллиард 400 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Бұл 14 мыңнан астам жұмыс орнының сақталуына және 10 миллиард теңгеден астам салықтың төленуіне мүмкіндік берді.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында шешімін тауып жатқан мәселелердің бірі - жалға берілетін қолжетімді баспана құрылысы екенін де көпшіліктің көкейіне салды. Соған орай 2020 жылға дейін 1 миллион 400 мың шаршы метр баспана салу жоспарланып отыр. Бүгінде оның 500 мыңнан астам шаршы метрі пайдалануға берілген. Тұрғын үймен қамтылған 9 мыңға жуық отбасы немесе шамамен 40 мың адам қоныс тойын тойлады.

Бұдан басқа, «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында әлеуметтік инфрақұрылымды кең көлемде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде жалпы құны 34 миллиард теңге болатын осындай 44 жоба жүзеге асырылды. Өз кезегінде бұл бастама апаттық жағдайдағы 7 және үш ауысыммен оқытатын 23 мектеп мәселесінің оң шешілуіне жағдай жасады. Сондай-ақ, 4 мыңнан аса бүлдіршін жаңа балабақшаға барды.

null  

Инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын қадағалау бойынша жұмыстардың негізгі әзірлеушісі және соған жауапты мемлекеттік орган - Ұлттық экономика министрлігі. Сондықтан бүгінгі «Нұр Отан» партиясы Фракциясының кеңейтілген отырысында негізгі баяндамашы ретінде Қуандық Бишімбаев сөз сөйледі.

Сонымен қатар, іс-шараға Инвестиция және даму, Білім және ғылым, Энергетика министрліктерінің, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің және «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының өкілдері келді. Одан бөлек, басқосуға бейне конфереция-байланыс арқылы жергілікті атқарушы органдардың және «Нұр Отан» партиясының өңірлердегі филиалдарының өкілдері де қатысты.

Жиында «Нұрлы жол» бағдарламасына жасалған партиялық бақылаудың аралық нәтижелері жарияланды. Мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі, вице-спикер Гүлмира Исимбаева партиялық комиссияның аталған бағдарламаны жүзеге асыруда бірқатар мәселелерді анықтағанын айтты.

Ал Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев кәсіпкерлерге несие беру ісінде қаржылай көмек алғаннан кейін бюджетке салық төлемеу деректерінің тіркелгенін жеткізді. Әзірге осындай 55 оқиға белгілі болған. Салықтың төленбеу себебі ретінде қаржылай қиындықтар мен компанияның өз жұмысын тоқтатуы көрсетілген. Осылайша қолдаудың өз ісін дөңгелетіп кетуге қабілетсіз кәсіпорындарға жасалғаны белгілі болып отыр. Осыған орай халық қалаулысы мұндай несиелендірудің нақты мақсаттар бойынша жүргізілуін және беруші тарап пен көмек алушы жақтың жауапкершіліктерін күшейту керектігін көтерді.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Берік Оспанов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мәселесіне назар аударды. Негізі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2016 және 2017 жылдары 1182 шақырым коммуналдық желі жүргізу жоспарланған. Оның 170 шақырымы - биыл, ал қалған 1000 шақырымнан астам бөлігі келесі жылы жүргізілмек. Депутат мырза құрылысшылардың мұндай үлкен көлемдегі жұмысты көрсетілген мерзімде аяқтай алатынына күмәнмен қарады.

Жиналысқа қатысқан Мәжіліс депутаттарының бірі Павел Казанцев Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ісі жөніндегі комитеті 300, 600 және 900 орындық мектептердің құрылысына арналған типтік жобаларды бекіткенін айтты. Мұндай жобалар жүзеге асса, бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік беретін еді.

Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралардың жоспарында жылумен және сумен қамтамасыз ету, одан бөлек су құбырларын тарту нысандарына арналған типтік жоспар мен типтік шешімдер дайындау қарастырылған. Аталған жұмыстарға 1 миллиард 200 миллион теңге бөлініп отыр. Алайда, Қарағанды облысының Сәтбаев қаласындағы мектептің құрылысына 1 миллиард 300 миллион теңге жұмсалған. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы осындай мектеп 700 миллион теңгеге салынған. Жұмсалған қаржының айырмашылығы 2 еседен де көп.

Мұхтар Құл-Мұхаммед бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылым нысандарының құрылысына типтік жобаларды қолдану тәжірибесін кеңінен енгізу керектігін айтты.

Жиынға қатысқан Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов партиялық комиссияның 8 миллиард 900 миллион теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиенің мақсатсыз жұмсалуы бойынша өрескел заң бұзушылықтарды анықтағанын айтса, оның әріптесі Серік Құсайынов «Қорғас - Шығыс қақпасы» Арнайы Экономикалық Аймағындағы жағдайдың көңіл көңшітпейтініне көпшіліктің назарын аударды. С.Құсайыновтың сөзіне қарағанда, жалпы құны 83 миллиард теңгеден асып жығылса да аталған аймақта әлі 17 жоба аяқталмаған. Ал негізгі үш нысанның тек біреуі ғана жұмыс істейді.

Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев те көлік магистральдарындағы кейбір өзекті мәселелерге тоқталып өтті. Оның айуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2015 жылдан бері «Алматы-Шу» (110 шақырым) бағытындағы темір жолдың екінші желісі салынуда. Оның жалпы құны - 38 милиард 400 миллион теңге. Қазіргі таңда бұл жұмытың тек 43 пайызы ғана істелген. Ал жоспар бойынша жоба биыл аяқталуы тиіс. Осыған байланысты депутат құрылысшылардың жұмыстың қалған 53 пайызын үш айдың ішінде бітіретініне сенімсіздік танытты.

Фракцияның кеңейтілген жиналысында автомобиль магистральдарын дамыту мәселесіне де айрықша көңіл бөлінді. Шамамен «Нұрлы жол» бағдарламасы бюджетінің жартысы жол құрылысына бағытталған (2 триллион 400 миллиард теңге).

Соған қарамастан «Орталық-Оңтүстік» жобасы аясында «Астана-Теміртау» бөлігіндегі жоспарланған 171 шақырымдық жолдың тек 12 шақырымы ғана немесе 7-ақ пайызы пайдалануға берілген. Жолдың 33 шақырымына жол төсеніштерін қайта монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс құны шамамен 18 миллиард теңгені құрайды. Жолдың аталған бөлігіндегі жұмыстарды аяқтау үшін небәрі 3 ай мерзім қалды.

Мәжілісмен Ерсұлтан Бектұрғанов «Орталық-Шығыс» жобасы бойынша жолдың Екібастұз қаласы мен Ақсу ауылдық аймағы бөлігінде де жұмыс кестесінен ауытқушылықтар бар екенін айтты. Бұл жолдың ұзындығы - 139 шақырым. Өткен 2015 жылы 23 шақырымы ғана салынған. Ал биыл жұмыс тек қазан айында Ақсу ауылдық аймағы бөлігінде басталды. Аталған бөлікті тапсыру 2017 жылға жоспарланғанын атап өткен жөн.

Өз сөзінде Мәжіліс депутаты Ирина Аронова білім беру саласына жүргізілген тексерулердің нәтижелері туралы баяндады. Президенттің үш ауысыммен оқытуды, мектептердің апатты жағдайын төмендетуді, мектепке дейінгі білім беру және 3-6 жас аралығындағы балаларды оқытуды қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Соған орай 2 жылда 77 мектеп пен 19 балабақша құрылысына 77 миллиард 300 миллион теңге бөлінді. Алайда, Атырау облысында 300 орындық орта мектеп пен Шығыс Қазақстан облысында 280 орындық балабақшаны пайдалануға беру мерзімінде кешігуге жол берілген.

null  

Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде еліміздің 11 жоғары оқу орнына 3 миллиард теңгенің инновациялық зерттеулерге арналған лабораториялық құрылғылары сатып алынғанын айтты. Бірақ, қондырғылардың көп бөлігі талапқа сай болмай шықты және олардың барлық мемлекеттік стандарттар бойынша үлгілері жоқ.

Фракция жиналысында аталған бағдарламаның республикалық деңгейде атқарылған жұмыстарымен қатар, облыстық санатта жүзеге асыру барысы да назардан тыс қалмады. Осы мәселеге қатысты сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Михаил Чирков Астана қаласында бағдардарлама бойынша әлеуметтік инфрақұрылымға бөлінген қаражаттың 70 пайызы ғана игерілгенін тілге тиек етті. Бұл - еліміз бойынша ең төмен көрсеткіш. Сондай-ақ, көптеген басқа өңірлерге қарағанда, елордада жүзеге асырылған жобалар да айтарлықтай аз.

Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов келтірген деректерге сүйенсек, Алматы облысында да мердігер тарапынан қаржыландырудың болмауына байланысты екі көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы тоқтап қалған. Бұл нысандар жұмыс кестесінен 8 айға қалып келеді.

Жалпы еліміз бойынша биыл Ұлттық қордан жалға және несиеге берілетін баспана құрылысына 202,5 миллиард теңге бөлінген. Бірақ соның тек 54 пайызы ғана игерілген.

Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов атап өткендей, 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша 23 жобаны жүзеге асыру үшін 4 миллиард 200 миллион теңге бөлінсе, бүгінде соның тек 40 пайызы игерілген.

«Нұр Отан» фракциясының кеңейтілген отырысын қорытындылай келе Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасымыз жаһандық экономиканы жайлаған дағдарысқа қарамастан «Нұрлы жол» бағдарламасына миллиардтаған доллар көлемінде қаржы бөлгізді. Сол орасан зор қаражатқа атқарылған жұмыстың сапасы, мерзімі және мақсатты игерілуінде өрескел қателіктер жіберілуде. Енді бұл мәселе ұдайы партия бақылауында болады. Халыққа арналған әрбір теңге сол халықтың игілігіне айналуға тиіс. Сондықтан «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттар мен барлық партия ұйымдарына аталған мәселелерді қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Бұл бағдарламаның әрдайым Елбасының ерекше назарында болатынын ұмытпаңыздар», - деді.

Мәжіліс вице-спикері Гүлмира Исимбаева мәлімдеуінше, Фракция жиналысының қорытындысы бойынша Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқару органдарына, сондай-ақ, квазимемлекеттік сектордың субъектілеріне бағытталған ұсыныстар енгізілген қаулы қабылданды. Сол бойынша енді аталған құзырлы мекемелер «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша атқарған жұмыстарын жетілдіреді.

Соңғы жаңалықтар