Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: -26 °С
Алматы: -5 °С
USD 335.38 EUR 394.07
RUB 5.67 CNY 50.67
Жаңалықтар

Нұрлы жер: Таразда 960 пәтер пайдалануға беріледі

2017 жылғы 8 желтоқсан 11:13 580
Поделиться:
 Нұрлы жер: Таразда 960 пәтер пайдалануға беріледі

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үй жақында пайдалануға берілмек. Қазір пәтерлер тексерістен өтіп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Арай» тұрғын алабында 2014 жылдан бері жаңа шағын аудан салынып  жатыр. Көппәтерлі тұрғын үйлер 14 гектар жер аумағында орналасқан.

2015 жылы 65 пәтерлі екі тұрғын үй «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» арқылы пайдалануға берілді. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, бюджеттік қызметкерлер, көпбалалы отбасылар және жетім балалар пәтерге ие болды.

2016 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған жаңа үйден тағы 80 отбасы пәтерлі болды.

Қазір «Арай» шағын ауданында құрылысы 2016 жылы басталған 80 пәтерлі 12 бес қабатты үйдің құрылысын аяқтау жұмыстары жүріп жатыр. Биылғы жылы тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы бойынша   жалпы ауданы 66,3 мың шаршы метрден тұратын 10 үй пайдалануға берілді. Наурыз айында «Бин» және «Агроспецстрой» кәсіпорындары бастаған 80 пәтерлі екі үйдің құрылысы 2018 жылы аяқталады деп күтілуде. Жалпы алғанда Таразда 960 пәтер салынды.

«Жамбылхимстройинженеринг» ЖШС директоры Юрий Минаковтың айтуынша, қазір компания жалпы ауданы 6128 шаршы метрден тұратын 80 пәтерлі бес қабатты үйдің құрылысын аяқтап жатыр. Құрылысқа пайдаланылған материалдардың 90 пайызы жергілікті өндірістен алынған.

Тараз қаласындағы «Арай», «Қарасу» және «Бәйтерек» шағын аудандарындағы, сондай-ақ Жамбыл ауданының Аса ауылындағы тұрғын үйлердің құрылысы «Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына арналған жалдамалы пәтер қорын құру» бағыты аясында жүзеге асырылуда.  Төрт көппәтерлі тұрғын үй құрылысына ҚР Ұлттық қорынан 1,6 млрд теңге қарастырылған. Жобаларды жүзеге асыру кезеңінде 470 уақытша жұмыс орыны құрылды.

Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, 2016 жылы жас отбасылары мен Тараз қаласының тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 107,6 шаршы метр тұрғын үй тұрғызылды. 2017 жылға облыс орталығында «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» мен «Бәйтерек девелопмент» компаниясы бағыттары бойынша 11 үйдің құрылысы жоспарланып отыр.

ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша 2016 жылы Үкімет «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама қазақстандық отбасыларын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге негізделген.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 15 жылда шамамен 1,5 миллион қолжетімді баспана салынады деп жоспараланып отыр.  

 

 


Бөлісіңіз:
Пікір қалдыру
Онлайн қызметкерлер
Редактор
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
Мұрағат