Нұрлы жер: Оралда 10 тұрғын үй бой көтереді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда тұрғын үйлер құрылысына 8 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл туралы тұрғындармен есептік кездесуінде қала әкімі Мұрат Мұқаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.  

Өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталған шаһар басшысының айтуынша, 2582 пәтерді құрайтын 17 үй бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасалды, соның 10-ы Зачаган кентінде бой көтермек. Бұл үйлердің құрылысы 2018-2019 жылдарға жоспарланған. Нақтырақ айтқанда, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында Зачаган кентінде жалпы ауданы 81 мың шаршы метр құрайтын 10 тұрғын үй (1566 пәтер) бой көтермек. Осылайша, Зачаган кентіндегі үйлер құрылысы мәреге жетіп, аумақты абаттандыру жұмыстары жасалады.

Жалпы, Орал қаласы екі бағытта дамуда. Соның бірі - солтүстік-шығыс жағы. Жобаға сәйкес аталған аудан 109 гектарды құрайтын болады. Осы ауданда 27 көп қабатты тұрғын үй, 1 мектеп пен 1 балабақша,  сонымен бірге дене-шынықтыру сауықтыру кешені және бассейннің құрылыстары жоспарланған.

Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету жұмыстары 2016 жылы бастау алып, 2017 жылы жалғасын тапты. Атап айтқанда, 4,3 км кәріз желілері, 5,6 км сумен қамту желілері және 27,6 км электрмен жабдықтау желілері жүргізілді. Аталған ауданды кварталішілік жолдармен, су әкету каналдары және жарықтандырумен қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, биыл құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Сонымен бірге инженерлік желілерді жүргізу мақсатында газбен қамтудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

Қазіргі уақытта осы аудан бойынша 7 үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр, соның ішінде 2 үй бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау көзделуде.

Тұтастай алғанда, 2017 жылдан бастап Орал қаласы бойынша 17 көп пәтерлі тұрғын үй құрылысы (2433 пәтер, жалпы алаңы - 143,7 мың шаршы метр) жүргізілсе, соның 9-ы тапсырылды. Қалған сегіз үйде құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы құрылыс саласына 7,2 млрд теңге жұмсалды, бұл алдыңғы жылғыдан (6,1 млрд теңге) 18 пайызға көп.

Тағы бір маңызды мәселе - Оралда қос бірдей жылу желісін қайта құруға Ұлттық қордан 1,3 млрд теңге несие бөлінді. Аталмыш қос учаске (№2 және №7) қала орталығында орналасқан. Одан кейін тағы екі ірі жылу желісін (әрқайсысы 350 млн теңгеден) жөндеу керек. Бұлардың жобалау құжаты жасалды, көп кешікпей жұмысқа кірісу көзделуде. Сонда қалада жылу желілерін жаңғырту мәселесі толықтай шешіледі.

«Ақжайық» шағынауданында инженерлік желілерді (су мен электр қуаты) тартуға республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге (барлық қаржының 40 пайызы) қаралған. Бұл жобалардың жалпы құны - 2,9 млрд теңге.

Қала жолдарын жөндеу биыл да жалғасын табады. Ұзындығы 33 шақырымнан астам 24 көше жолын жөндеу ойластырылса, соның тең жартысы жер қойнауын пайдаланушылар есебінен жүргізіледі. Оған қоса автокөлік қозғалысына ыңғайлы болуы үшін төрт көше қиылысын күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ мұнай базасы ауданындағы көпір құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы жасалуда. Ол Депо көпірі аяқталысымен басталатын болады.

Биылғы қала бюджеті - 27,1 млрд теңге, соның 23 пайызы немесе 6,1 млрд теңгесі даму бюджеті болып саналады.

Қала әкімінің есептік жиынына өңір басшысы Алтай Көлгінов қатысып, Елбасы тапсырмаларына сәйкес алда тұрған мақсат-міндеттерді атап көрсетті.

Еске сала кетейік, облыс әкімінің тұрғындармен есептік кездесуі 16 ақпан күні Оқушылар және жастар сарайында өтетін болады.

Соңғы жаңалықтар