«Нұрлы жер»: БҚО-да 21 көпқабатты үй салынбақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қалада 21 көпқабатты және ауылдарда 123 үй салу көзделуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, соның нәтижесінде 2 мың отбасы баспаналы болмақ. Сонда үш жылдың қорытындысы бойынша үйлі болғандар саны 5 мыңнан асады.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында апатты және ескі үйлердің орнына жаңасын тұрғызу жұмыстары жалғасады. Облыста осындай 243 үйдің 43-і апатты деп танылған болатын. 2016-2018 жылдары 20 үйді сүріп тастау жоспарланса, соның жартысының орнына қазір осы заманғы ғимараттар бой көтеруде.

Мемлекет басшысы қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес өңірге осыған дейін 14 млрд астам теңге бөлінген болатын. Соған сәйкес облыс орталығында 14 жаңа көп қабатты және сегіз ауданда 188 бір қабатты тұрғын үй іске қосылды. 1500-ден астам отбасы тұрғын үйге қол жеткізді. Соңғы екі жылда баспаналы болған отбасылар саны 3 мыңнан асты. Соның ішінде 700-і - жетім өскендер, ардагерлер мен мүгедектер және басқа әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар. Өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлер саны алдыңғы жылғыдан 42 пайызға артты.

Айта кетейік, қазіргі кезде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары 56 мың адам болса, кезекте тұрғандар саны - 22 мың. 

Соңғы жаңалықтар