«Нұрлы жер» бағдарламасы Ақтөбе облысында құрылыс материалдарының тапшылығын туындатты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрлы жер» бағдарламасы құрылыс саласын дамытуға елеулі ықпал етті. Бүгін баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұрлы жер» бағдарламасының халыққа қандай пайдасы бар екенін жақсы білесіздер. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 1 200 гектар жерді бөліп, қазіргі таңда инфрақұрылымын толығымен жасадық. Біздің болжамымыз бойынша үш жылдың ішінде осы жерде кем дегенде 4 200 тұрғын үй болуы керек. Соның нәтижесінде осы аумақта 110 мыңнан астам тұрғындар қоныстануы керек. Бұл жерде салып жатқан үйлер бір-екіден бес қабатқа дейін жетеді»,-деді облыс әкімі.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде салынып жатқан тұрғын үйдің бір шаршы метрі 120 мың теңгеден аспайды.

«Осы бағдарламаның тағы бір артықшылығына тоқталсақ, құрылыс материалдарының 80-85 пайызы қазақстандық қамту аясында пайдаланылуда. Бүгінде Ақтөбе облысының құрылысы 100 пайызға жұмыспен жүктелген. Жыл бойы кірпіштің, цементтің, қиыршық тастың, темірбетоның және басқа да материалдардың тапшылығы сезілді. Атап айтқанда, бұл бағдарлама басқа да салаларды дамыту үшін жанама әсер беріп жатыр», - деді Сапарбаев.

Құрылыс сапасы тұрақты бақылауда. Жаңа технологияларды қолданудың арқасында бір үй орташа есеппен 2-3 айда салынады, бұл стандартты құрылысқа қарағанда екі есе жылдам.

Сонымен қатар облыс әкімі биылғы жылдың соңына дейін жалпы ауданы 100 мың шаршы метр болатын кемінде 144 аз қабатты және жеке несиелік тұрғын үй пайдалануға берілетінін жеткізді. Осы орайда мың отбасы қоныс тойын тойлайды деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар