«Нұрлы жер»: 2018 жылы Қостанай облысында қанша баспана салынады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «Тұрғын үй құрлыс жинақ банкі» 2018 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында мыңнан астам баспана салып, қолданысқа береді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында аталмыш банк филиалының директоры Дәурен Саудабаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысында жыл басынан бері аталған банк желісі бойынша 13 тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл нысандардың барлығы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында салынды. Тиісінше, бұл тұрғын үйлер банк салымшылары арасында сатылды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» келер жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша қолжетімді баспана санын арттырмақ. Аймақта жалпы аумағы 70 мың шаршы метр болатын мыңнан аса пәтердің құрылысы жоспарланған.

«Бүгінде  528 пәтері бар көпқабатты 9 үй пайдалануға берілді. Олардың 7-еуі Қостанай қаласында, ал қалған екеуі Заречное ауылында бой көтерді. Үйлердің бір шаршы метрі 140 мың теңге тұрады. Несиелік үйлер бойынша «Бәйтерек девелопмент» АҚ тағы 11 нысанды салуға кірісті. Қазірге дейін 402 пәтер сатылуға дайын. Бағдарлама аясында салынған пәтерлердің кем дегенде 50% жергілікті әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар арасында таратылады», - деді банк директоры.

Дәурен Саудабаевтың айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысандар туралы толық ақпаратты baspana.kz сайтынан білуге болады. Бұл - тұрғын үйді үлестіру кезінде ашықтықты сақтау және пайдаланушыларға ыңғайлы қызмет көрсету үшін жасалған портал. Сондай-ақ салымшылар осы портал арқылы баспананы үйден шықпай-ақ таңдай алады.

Еске салайық, биыл Қостанай қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 630 пәтерлі көпқабатты 13 үй пайдалануға берілді 

Соңғы жаңалықтар