Нұрлан Өнербаев: Әлеуметтік желіде парақшам жоқ, алданып қалмаңыз, ағайын!

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қарағым-ай», «Анашым», «Ауылым» секілді ән естілгенде, бір сәтке мүлгіп, құлақтан кіріп бойды алар әсем ән мен әуезді үнге елтімейтін қазақ жоқ шығар. Дәл осы әндерімен дүйім қазақ жұртшылығының шынайы ризашалығы мен зор құрметіне бөленген Нұрлан Өнербаевтан асырып орындайтын әнші де жоқ. Орайы келді, ойдағы сауалды «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігіне қонаққа келген әнші, актер, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Өнербаевқа қойған едік.

- Нұрлан Әлтайұлы, таяуда ғана елордада «Жүректегі көктем» атты ән кешін өткіздіңіз. Астаналық көрермен Сізді сағынып қалған екен, кеш те жоғары деңгейде өтті. Ендігіде еліміздің қай өңірі Сіздің концертіңізді тамашалай алады?

- Жалпы өнерпаздың өзінің бойындағы көрсетсем, жеткізсем деген өнерімен араға уақыт салып халық алдына шығып тұрғаны жақсы. Өйткені, өнерде жүрген жылдардың ішінде байқағаным, тыңдарман өзі ұнататын әншілер, өнерпаздармен бір кеште қойылатын концерттерге дағдыланып, үйреніп қалған. Олар бір кешке келіп, өзінің қалаған, іздеген әншілерінің барлығын көргісі, сүйсінетін әнінің барлығын тыңдап, ғажайып күйге бөленгісі келеді. Ал шығармашылық кештерді, әншінің не өнерпаздың жеке кештерін үлкен концерттер секілді жиі өткізіп тұру еш мүмкін емес. Ол міндетті түрде араға біраз уақыт салып өтуі қажет. Себебі оған дайындық керек, репертуар қалыптастыру, бағдарлама жасау керек. Оның өзіндік қиындықтары бар.

Міне, осындай себептердің салдарынан біз елдің алдына араға 4-5, кейде 6 жыл салып шығып жатамыз. Өткен жылдың күзінде Алматыда жеке шығармашылық кешімді өткіздім. Содан кейін араға көп уақыт жібермей, қазақшалап айтсам, «ізін суытпай» елорда жұртшылығының алдына шығып, әндерімді ұсынсам деген ойым болды. Сол ойым іске асты. Оның үстіне биыл елордамыздың 20 жылдық мерейтойы. Сол 20 жылдық мерекелік шаралардың алғашқы тізіміне жеке концертім енді. Концертім өткен жылы бүкіл әлем жұртшылығының назарында болған ЭКСПО көрмесі аумағында салынған болашақта мәдени ошаққа, өнер кештерінің ордасына айналатын «Конгресс орталығы» деген әдемі залда өтті. Әрине, көрерменге аздап таңсық болды. Көрермен бой үйретіп үлгермеген екен. Дегенмен, бұдан былай мерекелер тұрақты өтіп, жұртшылықтың іздеп барар үйреншікті жеріне айналар деген ой түйдім. Көрерменнің концертке келіп, мереке қарсаңында ән тыңдайық, жақсы бір кеште болайық, рухани азық алайық деген ниетінен шықтым-ау деп ойлаймын. Әрине, тыңдарманыма бойымдағы барымды беруге қашанда дайынмын.

Негізінен анаға, ата-анаға, туған жерге, адам жанының, табиғаттың  сұлулығына арналған әндерім өте көп. Мұндай әндерді аналарымыздың, арулардың, көктемнің мерекесінде айтпағанда қашан айтамыз?!

Ал өңірлердегі шығармашылық кештерге келсек, осы концертке дайындалып жүрген кезімнің өзінде «Хабар» телеарнасынан, радиолардан, «ҚазАқпарат» агенттігі арқылы хабарлар таралып жатты. Сол кезден-ақ өңірлерден, облыстардан концерттік бағдарламамды елге тарту ету жайында ұсыныстар көптеп түсті. Қазір екі ұсынысты қабылдадым. 30 наурыз күні Атырау қаласында, сәуірдің 14-інде Ақтөбе қаласында жеке концертім өтеді. Ары қарай тағы да ұсыныстар бар, оларды ойластырып, пысықтап жатырмыз.

- Осы кеште ұлдарыңыз да сахнада өнер көрсетті. «Әке - балаға сыншы» демекші, ұлдарыңыздың өнердегі аяқ алысына қандай баға бересіз? 
null 

- Бүгінгі күнге дейін алдымнан ылғи кесе-көлденең шыға беретін «Шәкірттеріңіз бар ма, қанша шәкірт тәрбиелеп жүрсіз, шәкіртім деп кімді айтасыз?» деген сұрақтар бар еді. Осы күнге дейін «мынау менің шәкіртім де айдар тағып көрсететіндей шәкіртім жоқ» деп айтып келемін. Бірақ ұлдарым өсіп қалды. Үлкен ұлым - Мақсат кішкентай кезінен гитарамды арқалап, елдің алдында шығармашылық кештер, кездесулер өткізіп, концерттерге қатысып жүргенде қасымнан қалмай бірге ән айтып жүретін. Тіпті кішкене күнінде балалар арасындағы конкурстарға қатысып, жүлделі орындар алды. Алайда мектепте оқып, одан кейін өзінің қатарластары сияқты басқа саланы игерейін деп қалаған мамандығы бойынша білім, диплом алды. Сол салада біраз жұмыс істеді. Дегенмен, қанда бар қасиет қарап жатпайды екен. Кейінгі жылдары әнге әуестігі арта түсті. Менің орындап жүрген әндерімді қайталап айтып жүргенінен оның өнерге деген қызығушылығын байқадым. Сондықтан да «үлкен саханаға бейімдейін, үлкен концерттерде емес, өзімнің жеке концертімде жетектейін, сахна мәдениетіне баулиын» деп шештім. Екі жылдай болды, концерттеріме менімен бірге қатысып жүр.

Ал кіші ұлым Марғұлан 4 жасынан кәсіби классикалық музыкамен айналысып келеді. 5 жасында Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы арнайы музыка мектебіне бергенбіз. Астанаға қоныс аударғаннан кейін Өнер университетінің мектебін, колледжін бітірді. Қазір университетте тәлім алып жатыр. Өткенде сол концерт біте салысымен, шетелге жол тартты. Музыканттардың үлкен халықаралық конкурсына қатысуға аттанып кетті. Концертте де жұртшылыққа «елдің ықыласы мен батасын алайын деп алдарыңызға әдейі келіп отыр» деп айттым. Қандай жүлдемен келерін бағы білер, ниетіміз, үмітіміз бар.

- Келесі сұрағым шәкірттеріңіз кім дегенге саятын еді. Оған жауап беріп үлгердіңіз. Десек те, шәкірт тәрбиелеуден неге қашасыз?

- Менің түсінігімде  ұстаздық  жауапкершілігі өте жоғары мамандықтың бірі. Ұстаз тек өзі үшін емес, тәрбиелеген шәкірті үшін де жауапты болады. Егер мен шәкірт тәрбиелесем, онда оның бүкіл тағдырына жауапты боламын. Сондықтан бүгінгідей құбылмалы заманда біреуге былай деп таяқ ұстатып, олай-былай жүр деп айтудың өз қиын. Өсіріп отырған екі ұлым, бір қызым, төрт немерем бар.  Соларды тәрбилеуге әкелік тәлім-тәжірибем жетсе, соған тәубе деймін.

- Немерелеріңізді айтып қалдыңыз, өзіңіз сияқты ата жолын қуған, өнер жолына бейімдері бар ма?

- Үлкен немерем 4 сыныпта оқиды. Мектебінде барлық шараға қатысады. Илигай қызым бүгін, 20  наурыз күні мектебінің Наурыз мейрамында ән  айтады. Одан кейін Раяна атты немере қызым бар. Ол қолөнер шеберлігі жағынан сыныптастарының алдында келе жатыр. Ойлап таппайтыны жоқ. Қолына қалам ұстап үйренгеннен бастап «ата, мынау - сіздің, апа, мынау - сіздің суретіңіз!» деп, өз қиялындағы суреттерді салады. Одан кейін Нұрәлі, Айсұлтан деген немерелерім бар. Екеуі бұзықтығы жағынан алдарына  жан салмайды. Екеуі екі иығыма мініп алып ойнаған кезде, дүниеде басқа ондай немере жоқ сияқты көрінеді маған.

- Шығармашылығыңызға қайта ойыссақ, қоржыныңызда 300-ден астам ән бар екенін білемін. Алдағы уақытта әндер жазуға ниет бар ма? Жоспар қандай?

- Біраз жылдар бойы сұлулық, жастық, албырт сезім, махаббат тақырыбындағы әндерді көп айттым. Айтып та келемін. Алайда, ендігіде менің жас деңгейіме ол әндерді қайталап айта беру жараспайды деп ойлаймын. Сондықтан  мақсатты түрде өзімнің ән қоржыныма көбінесе өмір туралы, өнегелік бағыты бар әндерді жинақтап жатырмын. Қазірдің өзінде де айтып жүрген әндерімнің ішінде ондайлар баршылық. Концертке дайындалып жатқанымда не болмаса шығармашылық орталарда «жаңа әндерім еді, тыңдап көрсеңіз, сіз орындасаңыз» деген ұсыныстар алдымнан шығып жатады. Бірақ мен әннің жақсы әуеніне не болмаса керемет жазылған әуезіне қызықпаймын. Бірінші кезекте әннің мәтініне қараймын.  «Сөз арқылы жұртқа не жеткіземіз, қандай ой саламыз?! Тіпті бәрі жақсы болған күннің өзінде осы тақілеттес әнді мен айтсам қалай болар екен? Менің орындауымда бұл әнді тыңдарман қалай қабылдайды» деген мәселелерді көп ойланатын болдым. Қазіргі мақсатым, тіпті міндетім деп те айтуға болады, өскелең ұрпаққа өнеге болатын әндер айту. Қызыл жалау махаббатты, тек қана сұлулықты, әдемілікті ғана жырлай  беру - ол енді жастардың еншісі. Маған насихаты мол, өнегесі жоғары әндер айту қажет шығар деп ойлаймын.

- Жас әншілерден кімге көңіліңіз толады?

- Жас дейтіндей олар да жас емес. Менің Саят Медеуовке, Досымжан Таңатаровқа көңілім толады. Президент оркестрінің әншісі болып жүргенде Досымжанды Тараздан оркестрдің құрамына «соңымыздан ерген жас буын» деп алдыртқан едік. Саят сахнаға алғаш шыққан кезде өзім кешін жүргізіп, ағалық тілегімді айтып едім.

Дегенмен, ән репуертары қалай қалыптасады? Кез келген әншінің репертуары тыңдарманның талғамына байланысты. Егер, мәселен, жас әнші пәлендей-түгендей ән айтып жатса, ол тыңдарманның бәріне бірдей ұнауы міндетті емес. «Мына әнді неге айтады екен, ол ән дұрыс емес, оған жараспайды» деген пікірлердің болуы заңдылық. Егер әнші сол әнді сахнада айтса, демек әннің тыңдаушысы бар деген сөз. Көріп жүрміз, інілеріміз, жас әншілер үлкен стадиондарды жинап концерт өткізіп жатыр. Бүкіл елді аралап сапарлап жүреді, қай жерге бармасын концертіне, кештеріне халық жақсы жиналады. Демек, олардың әнін тыңдайтын тыңдарман бар. Сол арқылы олар өздерінің аудиториясын қалыптастырып отыр.

- Нұрлан Әлтайұлы, Сіз осыдан біраз бұрын бір сұхбатта «әлеуметтік желіде жоқпын, онда тіркелген де емеспін» деген секілді едіңіз. Алайда, осы концертіңіздің қарсаңында әлеуметтік желіден Сіздің парақшаңызды байқап қалдық. Осыны нақтылап өтсеңіз?

- Иә, әлеуметтік желіге қатысты соңғы жарты жылдың көлемінде берген сұхбаттарымда солай деп айтқаным рас. Жалпы өзім әлеуметтік желіге кірмеймін. Жұрт қазір қалта телефоны арқылы әлеуметтік желіден іздеген, көргісі келген адамын оңай таба қояды деп айтқаным  бар. Ол сөзім рас. Шынында әлеуметтік желілерде, соның ішінде Фейсбукте де, Инстаграмда да жоқпын. Өзің айтып отырған әлеуметтік желідегі парақшаны мен де көрдім, қарап шықтым. Бірден айтайын, ол парақшаны мен ашқаным жоқ. Менің атымнан біреулердің ашқанын түсіндім. Байланыс телефондарына «ақ, адал ниетіңіз болса, менің атымнан парақша ашып, оны шығармашылығыма қатысты жүргізгіңіз келсе, мәліметтер беріп отыруға мен дайынмын» деп хабарластым.

- Қандай жауап қайтарды?

- Әзірге еш жауап жоқ. Жалпы әлеуметтік желідегі парақшаны жүргізуі көңілімнен шықты. Алайда маған шын көмектескісі келген адам болса, несіне жасырынады? Осы жағы маған жұмбақ болып отыр. Қандай мақсатпен ашып отырғанын да білмеймін.  Сондықтан  шын ниетті, менің өнеріме ерекше ықыласы бар тыңдарманыма да, көрерменіме де айтарым - ол парақшада менің атымнан жазылып жатқан нәрселердің ешқайсысы да менікі емес, алданбаңыздар дегім келеді. Егер әлдеқандай сіздердің көңілдеріңізден шықпайтын ақпарат сол парақшаларда өтіп жатқан болса, ол мен емес және менің атымнан емес. Осылай қабылдауларыңызды сұраймын.

Ақыры сұраған екенсің, осы мүмкіндікті пайдаланып айтайын, бұған дейін әлеуметтік желіде жоқпын дегенмін. Бірақ, тыңдарманның, көрерменнің бүгінгі күнгі ақпарат алу, ән тыңдау тәсілі осы болғаннан кейін амал жоқ өз атымнан ресми парақшамды ашу керек деген шешімге келдім. Сондықтан да, жақын күндері өз атымнан ресми парақшамды ашамын. Оған өз тыңдарманыма алғысөзіммен шығамын. Барша оқырман да, соның ішінде «ҚазАқпарат» оқырмандары да сол парақшамен міндетті түрде танысады деп үміттенемін.  

- Нұрлан Әлтайұлы, Наурыз мерекесі келе жатыр, ұлық мерекені қалай қарсы аласыз? Жалпы Наурыз Сіз үшін қандай мейрам?

- Наурыз ұлтымыз, қазақ халқы үшін ерекше, орны бөлек мерекелердің бірі. Жалпы қазақ түсінік-танымында Наурызды жыл басы деп есептейміз. Наурызда бүкіл жақсылықты отбасымызға, айналымызға ғана емес, елімізге де тілеп, ынтымақ пен бірлік болсын деп үміттенеміз.

Бала күнімде ауылда Наурызды тойлап өстік, көзімізбен көрдік. Ауылымыздың маңында ескі мазар болатын. Неге екенін білмеймін, сол мазар қоршаулы, мал кірмейді, адам аяғы баспайды, шөбі ылғи қалың болып өсіп тұратын. Бірақ, ең қызығы Наурыз кезінде соның шарбағы ашылатын. Сол жерге қазан-ошақтар қойылып, киіз үй тігілетін. Бүкіл ауыл тұрғындары сонда жиналатын. Апаларымыз, әжелеріміз кимешектерін киіп, қазақтың тірі тарихын көз алдыңа әкелетін. Қазан-қазан тамақ асылатын. Менің есімде қалғаны, содан кейін жер жыртылып, егіс егілетін.  Міне, сол егін «ырысты болсын, Жер ананың бізге берер ырысы, берекесі мол  болсын» деген тілектер айтылып, ақсақалдар бата беріп жататын. Менің бала көңілімде жатталып қалған Наурыз - осы. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін Наурыз мемлекеттік  деңгейде, жоғары дәрежеде ұлықталып, жалпыхалықтық мейрам ретінде тойланып жатыр.

Менің пікірімше, Наурыз мейрамы қалыптасып келе жатқан ұрпақтың санасына сіңуі тиіс. Наурыз біздің жанымызға, қанымызға, дәстүрімізге  жақын екенін өскелең ұрпақ түсініп өсуі қажет. Сондықтан қолдан келгенінше отбасында, әулетте, көрші-қолаң арасында болсын, Наурыз күнінде тіпті өз үйіңде ештеңе жасамасаң да, көршінің үйіне кіріп амандасып, жақсылық тілеп, айқара құшақ ашып көрісу қажет. Осының барлығын балаларымыз, немерелеріміз көріп өсуі тиіс. Кейін өскенде бала күнінде көргенін олар да ой елегінен өткізіп, мұның дәстүрімізде бар екендігін түсініп, өз ұрпағына да тәлім-тәрбие беруі үшін қарекет жасайды. Сонда біздің  Наурызды тойлау, жылды қарсы алу дәстүріміз, Көрісу амалдарымыздың барлығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, заманнан заманға ауысып отырады.

Айта кетерлігі, Елбасымыз көтерген «Рухани жаңғыру» да дәл осы. Біз ұмыт бола бастаған, кейбір жерлерде қасақана тасада қалып қойған, мүмкін ұмыттыра бастаған дәстүрлерімізді қайта жаңғыртумыз,  елге жеткізуміз керек. Молынан, артығынан болсын. Керегін ұрпақ өзі екшеп алады. Артығы қалады, уақыт бәрін өз орнына қояды. Ең бастысы, біз тарихтағы қатталып жатқан дәстүрімізден бас тартпауымыз керек.  Бәрін аршып, қайтадан ұрпаққа ұсынуға тиіспіз. Міне, осы бағытта өнерпаз да, қаламгер де, жалпы мәдениет қайраткері, руханиятқа қызмет жасап жүрген кез келген азамат жұмыс істесе - біздің рухымыз жанданады деп ойлаймын.

- Сұхбат соңында «ҚазАқпарат» агенттігі арқылы Наурызға арналған тілегіңізді білдірсеңіз?

- Наурыз сенбі мен жексенбіні күткен секілді күнпарақтағы кезекті демалыс күнінің бірі емес. Наурыз қанда бар, атам заманынан бабаларымыздың ел үшін, жер үшін, өскелең ұрпақ үшін Жаратушыдан жақсылық, ырыс, береке-бірлік, елдің ынтымағын тілейтін мерекелердің бірі. Сондықтан бұл мерекенің кез келген қазақстандық үшін, қазақ ұлты үшін орын бөлек. Әр қазақстандықтың, қазақтың көңіліндегі өзі күткен Наурыз мерекесі - сыйы молынан болып, құт-берекесімен келсін!

- Сұхбатыңызға рақмет!

Соңғы жаңалықтар