Нұрлан Әбдіров: Жер қойнауы туралы кодекс Мәжілісте қызу талқылануда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің жобасы экономиканың маңызды секторында жүйелі тапсырмаларды шешуі тиіс. Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа кодекс талқыланған бүгінгі жиында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Парламент Мәжілісінде қазір қарастырылып жатқан маңызды заңдардың бірі - Жер қойнауы туралы кодекс. Оның маңыздылығы турасында Елбасы да нақты айтып, тиесілі тапсырмаларды берді. Мәжілісте өткен талқылау кезінде қызу әңгімелер де болды. Әртүрлі ой-пікірлер айтылып жатыр. Бірақ, негізгі бағыт - ел үшін өте маңызды кодекс деп баға беруімізде. Себебі, бұл заң жобасы депутаттар корпусы мен осы сала мамандарының қолдауына ие. Еліміздің алдында жүйелі тапсырмалар бар. Ең бірінші кезекте - геобарлау. Көптеген сала бойынша жаңа кодекс Қазақстан экономикасының осынау маңызды секторында жүйелі тапсырмаларды шешуі керек», - деді Нұрлан Әбдіров «Нұр Отан» партиясының жанындағы Құқықтық кеңестің кеңейтілген отырысында.

Оның айтуынша, жаңа кодекстің экономикалық пайдасымен бірге, аталған салада әлеуметтік сұрақтардың да барын ескерген абзал.

«Жаңа кодекстің енгізілуі бойынша маңызды тұстарды талқылаймыз. Оның енгізілуі елімізге зор пайда әкелер деген сенімдемін. «Нұр Отан» партиясының жанындағы Құқықтық кеңестің отырысында да осы мәселені талқылап, пысықтап, өткір сұрақтар болса, оларды шешіп, жауаптарын тыңдау - мақсатымыздың бірі», - деп атап өтті Әбдіров. 

Соңғы жаңалықтар