«Нұр Отан» мен Германияның билік партиясы өзара ынтымақтастықты дамытпақ

None
None
БЕРЛИН. ҚазАқпарат - Германия астанасында Христиан-демократиялық одағы партиясы өкілдерінің шақыртуымен екі күндік сапармен «Нұр Отан» партиясының делегациясы болып қайтты.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Наталья Годунова басқарған делегация мүшелері сапар барысында Еуропа парламентінің депутаты Эльмар Брокпен, Бундестаг депутаттары Манфред Грунт және Танкред Шипанскимен, сондай-ақ Христиан-демократиялық одағы партиясының халықаралық істер жөніндегі хатшысы Бертил Венгермен кездесті.

Кездесулер барысында екі ел делегациясының мүшелері парламентаралық және партияаралық байланыстардың қазіргі жағдайы мен болашағын сөз етті.

«Партияаралық ынтымақтастықты дамыту - тәжірибе алмасып, жұмыс жүргізудің жаңа әдістерін енгізуге ықпал етеді. Партия жұмысын жаңғырту қоғамды дамыту мен саяси бәсекелесік жағдайында аса маңызды»,-деді Наталья Годунова.

Қазақстандық делегация басшысы германиялық әріптестерін елдегі парламенттің рөлін нығайту үшін жарияланған реформалардан хабардар етті. Сонымен қатар ол өткен жылы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының қызметі туралы айтып берді.

«Нұр Отан» партиясының мүшелері аталған орталықтың жұмысы аясында Германияның Христиан-демократиялық одағы партиясымен ынтымақтастықты нығайту маңызды деп есептейді.

Басқосуда сондай-ақ «Жас Отан» жастар қанаты мен Христиан-демократиялық одағы партиясының жастар ұйымымен өзара ықпалдастықты дамытудың да мүмкіндіктері талқыға түсті.

Өз кезегінде германиялық әріптестері нұротандықтарға Христиан-демократиялық одағы партиясына жақын, «Нұр Отан» партиясы көп уақыттан бері бірге жұмыс істеп келе жатқан Адэнауэр атындағы қордың қатысуымен жастардың тәжірибесін алмасу мәселелесін қарастыруды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар