«Нұр Отан» білім саласының «үздік» жемқорларын таныстырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін "Нұр Отан" партиясының орталық аппаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жол картасын іске асыру жайы қаралды. Осы жолы білім саласындағы жемқорлық мәселесі талқыға салынды. Айта кеткен жөн, партия ол жұмысты ҚР Мемлекеттіқ қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге атқарып келеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттік төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевтың айтуынша, бүгінде білім саласындағы жемқорлық әрекеттерінің саны өсіп келеді. Жемқорлардың алған парасы да аз емес.

"Мәселен, бұрынғы вице-министр Саят Шаяxметовтың қатысуымен іске асқан жемқорлық әрекеті үлкен қоғамдық резонанс туғызды. Аталған іс бойынша мемлекетке келген шығын 1,5 млрд теңгені құрады. Ақтөбе облысында білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Әкімгерей Көшербаев үш жылға сотталды. Ол аттестацияның оң шешімі үшін педагогтардан ақша жинаған. Сөйтіп облыстағы төрт мектептен 1,5 млн теңге пара алды. Павлодар облысында бірыңғай ұлттық тестілеуді сәтті тапсырғаны үшін ақша жинау фактісі де анықталды. Оны Екібастұз қалалық білім беру бөлімінің басшысы Нұржамал Мақұмова ұйымдастырған. Ол қаладағы барлық 45 мектеп директорынан 100 мыңнан жинап, 4,5 млн теңге көлемінде пара алды. Директорлар болса, ақшаны ата-аналардан жинауға мәжбүр болды", - деді Шпекбаев.

Бұдан бөлек, отырыста Қызылорда облысының білім беру саласындағы бақылау комитетінің бұрынғы басшысы Руслан Чагай, Қарағанды облысы Шет аудандық білім беру бөлімінің жетекшісі болған Ербол Рысбек пен Сәтпаев қалалық білім басқармасының бұрынғы басшысы Шынар Жаңасылова осы саланың «үздік жемқорлары» ретінде таныстырылды.

«Білім саласындағы тексерістердің нәтижесі бойынша өткен жылы 46 адам жауапқа тартылса, осы жылдың алты айында ондай адамдардың саны 26-ға жетті. Олардың ішінде Маңғыстау облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Есболат Өмірзақ қызметіне сай емес деп танылса, Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мереке Зиналиев және Мұғалжар аудандық аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Құлет Амангелді жұмыстан қуылды", - деп атап көрсетті Алик Жатқамбайұлы.

Отырысқа ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова да қатысты. Оның айтуынша, биылдан бастап мектептердің аттестациясы толығымен тоқтатылды. Себебі дәл осы салада жемқорлық әрекеттері көп болған. "Негізі, жоспарлы аттестацияны заңнан мүлдем алып тастайтын шығармыз. Арыз-шағымдар бойынша бақылау шаралары ғана қалады. Ал білім саласындағы бақылау департаменттерінің қызметі өзгеретін болады. Олар аймақтарда білім беруді дамытуға көмектеседі", - деді Асылова.

Айта кетейік, мемлекеттік гранттарды бөлу құзыреті университеттердің өздеріне берілгеннен кейін осы салада жемқорлық мәселесі ушығып кетті.  Алайда бүгінде академиялық әділдігі жоғары, яғни сыбайлас жемқорлықты барынша азайтқан жоғары оқу орындары бар.  

Соңғы жаңалықтар