НТВ арнасының түсірілім тобы Бурабайдың табиғатымен, салт-дәстүрімізбен танысты

None
None
 КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ресейлік НТВ телеарнасындағы «Саяхаттап - дәм татамыз» бағдарламасының жүргізушісі Джон Уоррен Бурабай курортына барды. Бұл туралы Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі Марат Иғали  Фейсбукте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақмола облысы туралы бағдарламаны 2018 жылдың мамырында НТВ телеарнасынан тамашалауға болады», - деп хабарлады Марат Иғали.  

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының жазуынша, телеарнаның түсірілім тобы Бурабайда қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, салт-дәстүрімен танысты.

«Саяхаттап, дәм татамыз» бағдарламасының кезекті түсірілімі керемет өтті. Джон Уоррен John Warren шынайы айтысқа қатысып, «тұсау кесер» рәсімін жасады. Қазанға бұқтырылып пісірілген тіл үйірер сірнеден дәм татты. Сондай-ақ, Бурабайдың шолу алаңы - Бөлектауға көтеріліп, тау мен көлдің әсем табиғатын тамашалады», - деп хабарлады «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Фейсбуктегі парақшасында.

Ұлттық компания Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалинге, әкімнің орынбасары Қанат Ыдырысовқа, әкімнің кеңесшісі Марат Иғалиға, облыстық мәдениет басқармасы мен туризм басқармасына, «Бурабай Даму» ЖШС мен Туристік ақпарат орталығына түсірілімді ұйымдастыруға көмектескендері үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік,  Джон Уоррен бұған дейін Астана қаласында болып, оның көрікті жерлерін аралап көрді, ойын-сауық орындарында демалды. Алған әсерлерімен ол Фейсбуктегі парақшасында бөлісті. 

Соңғы жаңалықтар