Нобель сыйлығының иегері Қазақстандағы университеттің құрметті докторы атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нобель сыйлығының иегері, ғалым және биохимик Әзиз Санжарға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Құрметті докторы атағы беріліп, «Алтын» төсбелгімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы түрік-америкалық ғалым және биохимик Әзиз Санжармен кездесті. Университет ректоры тарихы мен тамыры бір бауырлас Түрік елінің әлемге танылған дара тұлғасын университет төрінде құрметпен қарсы алу үлкен мәртебе екенін жеткізді.
«Сіздің ғылым саласында әлемдік деңгейде жеткен жетістіктеріңіз болашақ ұрпаққа өнеге болып қала береді. Және бүгінгі біздің білім ордамызға арнайы атбасын бұрып келіп отырған сапарыңыз ынтымақтастықтың әрі қарай дамуына жаңа серпін береді деп сенемін», - деді ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.

Әзиз Санжар дезоксирибонуклеин қышқылын (ДНҚ) қайта қалпына келтіру механизмдерін зерттеу жұмысындағы жемісті жетістіктері үшін химия саласындағы Нобель сыйлығымен марапатталған. Ыстанбұл университетінің медицина факультетінде біліммен сусындаған профессор ғылымға бастар жолды АҚШ-тағы Техас, Йел, Солтүстік Каролина университеттерінде жалғастырып, бүгінде аталған университеттің профессоры қызметін атқарады.

«Ғылым және ұлттық даму» тақырыбында баяндама жасаған Әзиз Санжар «Кез келген шет елде білім алған маман сол мемлекетте қалып қалмай өз отанына келіп алған тәжірибесімен бөлісіп өз туған өлкесіндегі ғылымның дамуына үлес қосуы қажет дейді. Оның айтуынша, өзі жасаған зерттеуде жасушалардың зақымдалған ДНҚ-ды қалай жөндейтінін молекулалық деңгейде көруге мүмкіндік беретін және генетикалық мәліметті сақтайтын құрылғыны ойлап табуға біз біраз жыл сарп еттік. Менің ғылыми зерттеуімнің екінші бір тұсы қатерлі ісік ауруларын емдеуге арналады. Бүгінгі таңда ісікті емдеуде пайдаланылатын дәрі-дәрмектер адам ағзасындағы жасушаларға әсер етіп ДНҚ-ның бұзылуына да өз септігін тигізуде. Осындай ғылыми зерттеу үлкен жігерлік пен уақытты талап етеді», - дейді Нобель сыйлығының иегері.

Өзінің өзге де ғылыми жұмысы туралы әңгімелеген ғалым, Түркі әлеміндегі ғылымның қазіргі дамуының маңыздылығын ерекше атап өтті. «Егер бұдан 500 жыл бұрын Азия жаңа білімге ие болған ойшылдардың ортасы саналса, бүгінде көптеген жаңалықтар Еуропа мен АҚШ ғалымдарына тиесілі екенін көреміз, және ғылыми жарияланымдардың 30 пайызы қытайлық азаматтардың авторларына тиесілі. Бұл олардың ғылымдағы маңызды жетістіктерін дәлелдейді. Бірақ бұл ғылыми жаңалықтардың және Орталық Азия мен Шығыс елдері ғалымдарының жұмысының маңыздылығын төмендетпейді», - деді ғалым.

Шара барысында Әзиз Санжар студенттер мен оқытушылардың сұрақтарына жауап бере отырып, қазіргі уақытта өзінің жеке жас ғалымдар мектебінің бар екенін және ҚазҰУ мен Қазақстандық зерттеушілермен ынтымақтастық орнатуға қуанышты болатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар