Ninety One тобының Қарағанды мен Жезқазғандағы концерттері өтпейтін болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды мен Жезқазғанда атышулы Ninety one тобының концерттері өтпейтін болды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағандыдағы концерт 18 қазан күні цирк ғимаратында өтуі тиіс болған.  Топ жанкүйерлері белгіленген уақытта жиналды, алайда оларды кассаға билеттерін өткізіп, ақшаларын қайтарып алуға жіберді.

Ресми таратылған ақпараттың нұсқасына сәйкес, концерттің болмау себебі - ұйымдастырушылар құжатты дұрыс ресімдемеген. Мемлекеттік мүлік департаментімен келісімшарт жасалмаған. Өз кезегінде ұйымдастырушылар техникалық себептерді де желеу еткен.

Бұл ретте, интернетте Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіровтың атына жазылған хат таралғаны белгілі. Өтініш авторлары Октябрь ауданы жастарының атынан жүгінген. Қазақ тілінде жазылған  хатта аталмыш топ жастарға теріс тәрбие беретіндігі айтылады. Олардың пікірінше, Ninety one мүшелері қазақ халқының дәстүріне, діліне қарсы әрекеттерді насихаттауда.

Жезқазғанда 19 қазанға белгіленген концерт те өтпейтін болды. Қала әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мәдениет бөліміне ұжымдық өтініш келіп түскен.

 «Концерт 19 қазанда Достық үйінде өтуі тиіс болатын. Мәдениет бөліміне концертті өткізбеу талабымен өтініш түскен. Оған 300 адам қол қойған», - деп атап өтті қала әкімінің баспасөз қызметінен.

Достық үйінің әкімшілігі концерттік залды жалға беруден бас тартты.

Еске салайық, 30 қыркүйекте топтың Ақтөбедегі концерті өтпей қалған болатын.

Соңғы жаңалықтар