Ninety One тобының әншісі сайлауға түсіп жатыр

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Ninety One тобының мүшесі «Жас Отан» Орталық кеңесі мүшелігіне үміткер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Жастар ұйымының хабарлауынша, 18 қаңтардан бастап «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты Орталық кеңес мүшелерінің онлайн сайлауын жариялаған. Кеңеске еліміздің барлық аймақтарынан 16 көшбасшы 4 жылға тағайындалады. Сайлауда ұсынылған үміткерлердің бірі - Дулат Мұхаметқали (ZaQ) «Ninety One» тобының мүшесі.

«Ninety One» тобы - өзіндік стилімен қазақ эстрадасында резонанс тудырған 5 әншіден тұратын қазақстандық бойз-бэнд. Топтың атауы егемендік алған 1991 жылмен байланысты.

Топ 2015 жылы «Айыптама» әнімен алғаш сахнаға шықса, осы әнге түсірілген бейнебаян 20 апта бойы музыкалық арналардың үздіктер тізімінде болды. Ал кейін топ «Айыптама» атты дебютті мини-альбомын таныстырды. Жарты жылдан соң «Қайтадан» әніне түсірілген жаңа бейнебаян шықты.    

Топ өнер көрсеткен үш жылда «Ninety one» автобиографиялық фильмін және «Қағаз кеме» сериалын түсіріп үлгерді.

«Сайлауға келетін болсақ, Дулат Мұхаметқали Орталық кеңес мүшелігінде болуға ниет білдіруі - «Жас Отан» мен жалпы жастар саясатын күрделі өзгерістер күтіп тұрғанының белгісі. Одан өзге, сайлауға үміткерлер қатарында жас кәсіпкерлер мен өзге де мамандық иелері бар. Орталық кеңес мүшелерін онлайн дауыс беру жолымен таңдауда ұйымның мақсаты әр аймақтан дарынды, қоғамда өзгеріс енгізуге қабілетті жастарды таңдау болса, ұйым өз дегеніне жетуге жақын десе болады. Айтар ойы мен нақты ұсыныстары бар жастарға - «Жас Отан» әрдайым ашық», - делінген хабарламада.     

«Жас Отан» жоғары өкілетті органы - Орталық кеңесінің сайлауы алғаш рет өткізіліп отыр.  Сайлау екі кезеңнен тұрады. 1-кезеңде үміткерлер тіркеуден өтеді. Ал 2-кезеңде үміткерлер 9 ақпанға дейін #JasOtanSailau хэштегімен Instagram парақшаларында жариялаған видео жолдауына 5 000 лайк жинауы қажет. Ал әлеуметтік желі қолданбайтын үміткерлер қол жинау арқылы 500 адамның қолдауына ие болуы керек. Сондай-ақ, 11-16 ақпан аралығында жеткілікті қолдау жинаған үміткерлерге Telegram платформасында онлайн дауыс беру  өтеді. Дауыс беруге «Жас Отан» мүшелері қатыса алады. 17 ақпан күні «Жас Отан» Орталық кеңесінің 16 мүшесі белгілі болады.

Соңғы жаңалықтар