Николас Кейдж қазақтың шапанын киіп қайтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Оскар» сыйлығының иегері, Голливудтың танымал актеры Николас Кейдждің бүгінгі жұмыс кестесі де тым тығыз болды. Актер алдымен Астана әкімі Әсет Исекешевпен бірге тал екті. Осыдан кейін «Бес құрлық» атты балалар фильмдерінің фестиваліне қатысты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестивальдің ашылуына орай қызыл кілем төселді. Онда да Николас Кейдж кілеммен жүрмей, өзінің жанкүйерлеріне асықты. Қолын беріп, бәрімен фотоға түсіп шығуға тырысты. Тіпті, қызыл кілемді екі рет айналып шықты. Ал фестивальдің ашылу салтанында «Сәлеметсіз бе!» деп, жиналған жұртпен қазақ тілінде амандасты. Кейдж жас актерларға да өз кеңесін берді. «Кино сіздің қиялыңыз бен қоғам арасындағы айна іспетті. Сіз бейтарап позицияны ұстауыңыз қажет. Аудиторияның өзі қиялын шарықтатып, биік армандарға ұмтылуы тиіс. Ал қиялды дамыту үшін мифология, шежірелер, ертегілер және тағы басқа әдеби шығармаларды жиі оқу керек», - дейді Николай Кейдж.
Фестивальден кейін актер Қазақ ұлттық өнер университетіне барды. Сол жерде ол қазақтың «Адай" күйі» мен «Көзімнің қарасын» тыңдап, қиялды дамытуға қатысты әңгімесін жалғастырды. Актерлік жолға түсу оңайға соқпағанын да ашық айтты. «Шынымды айтсам, басында кастингтер кезінде маған ылғи «Жоқ!» деп жауап беретін. Жоқ, жоқ, жоқ... Өз-өзіме деген сенім жоғала бастады. Бір ретте қатты алаңдап кеткенім сонша, жаңағы «жоқтардың» кесірінен ауруxанаға да түстім. Содан кейін тағы бір кастингке баруға бел будым. Өтіп кеттім! Негізі, менен жақсы жазушы да шығатын еді», - дейді Кейдж.
Университетте болған жиыннан кейін мәртебелі мейманға дастарxан жайылды. Сол жерде университет ректоры Айман Мұсақожаева Голливуд жұлдызына қазақтың дәстүрі бойынша шапан жапты. «Николасқа қазақтың шапаны өте ұнады. Түсі де, материалы да жақсы деді. Тіпті, онымен фильмге де түсуге болатынын жеткізді», - деді Айман Қожабекқызы ҚазАқпарат тілшісіне берге сұxбатында.

null   

Соңғы жаңалықтар