Николас Кейдж Қазақстанда түсірілуі мүмкін фильмнің сюжетін айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атақты голливудтық актер, Оскар иегері және көптеген танымал рөлдерді сомдаушы Николас Кейдж Қазақстанда бірлескен фильм түсіргісі келетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баспасөз мәслихаты басталғанша, «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» фильмінің режиссерімен және продюсерімен кездестім және осы фильмді сыйға алдым. Енді фестивальдің кешкі ашылуына дейін бұл фильмді көргім келіп отыр. Мен жаңа орындарға және бейтаныс елдерге саяхат жасағанды ұнатамын. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ мәдениетіне бойлап, осындағы киножобалардың бірімен жұмыс істегім келеді», - деді актер. 

«Бұл өте қызық идея, - деп жалғастырды ол. - Қазақстандағы кинофестивальге шақырылған америкалық актер туралы фильм түсіріп көрейік», - деді ол.

Сонымен бірге, Николас Кейдж фильм түсіріліміндегі алғашқы тәжірибесі туралы баяндады. Оның айтуынша, әлемдік киноны бағындыру оңайға соқпаған.

«15 жасымда сериалдың сынамалы бөлігінде өзімді актер ретінде сынап көрдім, бірақ бағым жанбады. Режиссер маған қарап, «Мына жігіт кинода ойнай алады» деді. Сол сәтте, өмірімнің киномен тығыз байланысты болатынын сездім. Келесі фильмдерім де аса танымал болған жоқ, «Лас-Вегастағы өмір» фильмінен кейін ғана мансабым көтеріле бастады», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін «Қазақстан» орталық концерт залында «Еуразия» кинофестивалінің ашылу салтанаты өтеді. Оған «А» санатындағы Николас Кейдж, Эндриен Броуди, Джон Малкович сынды танымал әлемдік жұлдыздар қатысады.

Кинофестиваль аясында кино өнерінің әлемдік жұлдыздары Николас Кейдж, Эндриен Броуди, Джон Малкович және басқа да жұлдыздар шеберлік сабақтарын өткізетін болады.

 

Соңғы жаңалықтар