Николас Кейдж қазақ киносына түсуге дайын

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Голливудтың танымал актері, Оскар сыйлығының иегері Николас Кейдж XIII халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне арналған баспасөз мәслихатында журналистер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазақстан аумағындағы киножобаларға қуана-қуана қатысар едім», - деді актер.

Голливуд киносының майталманы Қазақстан астанасына жоғары баға берді. «Астананың сәулетіне қарап, ерекше ләззат алдым. Мен көрген бүгінгі қала болашаққа болжам жасаған ескі ақ-қара түсті фильмді еске салды», - деп атап өтті ол.

Қазіргі уақытта актер бюджеті кішігірім жаңа жобамен жұмыс істеп жатқан көрінеді.

«Мен актер ретіндегі өз мансабымды тәуелсіз кинолардан бастағанмын. Қазір Косматос атты жаңа режиссермен «Мэнди» фильмін түсіріп жатырмыз. Маған бюджеті шағын, бірақ тұтас кинематографияға ерекше тәсілмен келетін фильмдер ұнайды», - дейді Кейдж.

Сондай-ақ, кино аңызы өзі ойнаған жанына ең жақын кейіпкер туралы айтып берді.  «Маған күрделі рөлдер ұнайды. Үш-төрт жыл бұрын «Джо» фильміне түстім, сондағы кейіпкер өмірдегі өзіме қатты ұқсайды», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін «Қазақстан» орталық концерт залында «Еуразия» кинофестивалінің ашылу салтанаты өтеді. Оған «А» санатындағы Николас Кейдж, Эндриен Броуди, Джон Малкович сынды танымал әлемдік жұлдыздар қатысады.

Кинофестиваль аясында кино өнерінің әлемдік жұлдыздары Николас Кейдж, Эндриен Броуди, Джон Малкович және басқа да жұлдыздар шеберлік сабақтарын өткізетін болады.

Соңғы жаңалықтар