Несие мен субсидия ұсақ өндірушілерге де беріле бастады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және аграрлық саланың қаржылық ұйымдары Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын өңір бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады. 

Бұл орайда БАҚ-тың әлеуеті кеңінен пайдаланылуда. «Жетісу» телеарнасында тікелей эфирге шыққан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» өңірлік филиалының директоры Мәди Ибадуллаев пен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Төлебай Меңдоразов көрермендерді толғандырған көптеген сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат  Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сексенбай Бекішевтің айтуынша, жаңа бағдарлама мал және өсімдік шаруашылықтарының тиімділігін арттыруға, тауарлық өндіріске 500-ден астам жеке қосалқы шаруашылықты тарту үшін ауыл шаруашылығы кооперацияларын кең көлемде дамытуға, өнімді өңдеу мен өткізудің тиімді жүйесін құруға мүмкіндік беретінін айтты. Мемлекеттік қолдау да әлдеқайда тиімді әрі қолжетімді болмақ.

«Бұрын несие мен субсидия ірі тауар өндірушілеріне қолжетімді болса, қазіргі кезде ұсақ және орта өндірушілерге де бағытталатын болады. Оның ішінде кооперативтерге біріккен жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді», - деді Сексембай Бекішов.

Үміткерлердің тиісті мекемеге жүгінуінен бастап микрокредитке қол жеткізуіне дейінгі аралықтағы барлық сатыларды жіктеп айтып берген басқарма басшысы мемлекеттен облысқа 3 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінгенін тілге тиек етті. Сонымен бірге, микрокредиттер көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізуге үш жылдан аспайтын мерзімге 4 миллион теңгеге дейін берілмек. Сондай-ақ, бөлінген қаражаттың 60 пайызы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, 40 пайызы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және кредиттік серіктестері мен микроқаржы ұйымдары арқылы беріледі.

Тікелей эфир барысында сала басшылары бағдарламаның басым бағыттары, оның өзге бағдарламалардан айырмашылығы, шағын несие беру, жеке шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру, көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, бизнесті қаржыландыру сияқты мәселелерге қатысты қойылған сұрақтарға жауаптар қайтарды.

Мәди Ибадуллаевтың айтуынша, берілетін несиенің сомасы өскен, оны өтеу мерзімі ұзартылған. Ал пайыздық мөлшерлемесі сол күйінде қалдырылды.

Қойылған сауалдарға жауап беру барысында Төлебай Меңдоразов «КазАгро» «Іскер» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Сервистік-дайындау орталықтары, өнімді сақтау мен өңдеу, сол сияқты сүт пен етті өндіру ісі де несиелендіріледі. Қаржылай қолдау қоры «Ынтымақ» салалық бағдарламасы шеңберінде де көмек көрсетілетіні айтылды.

Соңғы жаңалықтар