Назгүл Қожабек: «100 кітап» жобасының басты принципі - сала мамандарының әлеуетін пайдалану

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз» деген еді. Осы жұмысты атқаруға жаңадан Ұлттық аударма бюросы ашылды. Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша 100 жаңа оқулық жобасы аясында биыл 17 кітап аударылады. Осы кітаптардың аударылуы туралы Ұлттық бюроның жауапты редакторы Назгүл Қожабекті әңгімеге тартқан едік.

- Назгүл, Ұлттық аударма бюросының бүгінгі жұмысы белгілі, 17 кітапты аударып жатыр. Ауқымды жұмысты қолға алдыңыздар, қандай қиындықтар кездесіп отыр?

- Желтоқсан айына дейін 17 кітапты шығарамыз. Оқулықтар ағылшын тілінен тікелей аударылады. Көбіне орыс тіліне аударылмаған оқулықтар таңдап алынған, сондықтан аударма оңай жүрмейді.
100 оқулықтың алғашқы он жетісі желтоқсан айында жоғары оқу орындары мен кітапханаларға таратылады. Жобада коммерциялық құрам жоқ, сондықтан оқулықтар сатылымға шықпайды. Кітаптарды жариялау процесі мынадай сатылар бойынша жүреді: 

1. Аударма жұмысымен аудармашылар емес, сала мамандары, яғни, жоғары оқу орындарының сәйкес факультеттерінің профессор-оқытушылар құрамы айналысады. Аударма жасайтын адамға ғылыми дәрежесі болуы, сол пән бойынша мамандануы және ағылшын тілін білуі сынды талаптар қойылады. 100 кітап жобасының басты принципі де осы - пән саласы мамандарының әлеуетін пайдалану.  2. Ғылыми редактура. Тағы да пән маманы, тек аударма процесіне араласпаған ғалымның редактурасынан өтеді. Қолданыстағы терминология, түсініктен ауытқымау, оқу процесіне бейімдеу жағын сол кісілер қадағалайды. 
3. Әдеби редактура. Әр кітапқа бекітілген бір әдеби редактор болады, бастауыш-баяндауышының орнында тұруына сол кісі жауап береді. 
4. Жауапты шығарушы редактордың қадағалауымен беттеу. Жауапты шығарушы редактор Ұлттық аударма бюросы атынан жұмыс істейтін адам. Аударма процесі басталғаннан, кітапты баспаға жіберуге дейінгі процесс тұтас жауапты шығарушы редактордың қадағалауымен жүреді және кітаптың соңғы редактурасын сол адам жасайды. 
5. Кітап мәтіні түгел аударылып, бір рет редактурадан өтіп, беттелгеннен кейін kitap.kz сайтында қоғам назарына ұсынылады. Бір айдай уақыт ішінде оқырмандардың сын, пікір, ұсыныстарын жинап, келісетіндерімізді редактураға енгізіп, кітаптарды баспаға жібереміз.

-Экономика бойынша үш кітап әзірленіп жатыр екен. Сіз тікелей жауаптысыз, бұл сала терминдерге бай екені белгілі, қиынға соғып жатқан жоқ па?

-Ағылшын тіліндегі терминдер орыс тілінің фонетикалық дыбысталуына сәйкестендіріліп қазақ тіліне енді. Қазір көбінесе ол терминдерге жұрнақ жалғау арқылы қазақыландырдық. Мысалы, объективті, эксклюзивті, абсолютті деген терминдер. Менің ұстанымым, мысалы «абсолют» сөзін қалдыру, мысалы, «абсолют шама», «абсолют өлшем». Ешқандай жалғау, жұрнақ қоспасақ. Орысшадан өтіп келген жасанды қазақша сөз емес, халықаралық сөз ретінде қалады. Мысалы, «объективті пікір» дейді, мен оны объектив пікір деп халықаралық нұсқасында қалдырамын. Экономика саласы бойынша аударылатын 4 кітап: Грэгори Мэнкьюдің атақты «Экономикс» оқулығының төртінші басылымы, Томас Гриффиннің «Менеджменті», Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс және практика» оқулығы және Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» еңбегі.

-Бұған өзге тіл мамандары не дейді?    

- Біз орыс тіліндегі сын есімдерге -ды, -ді, лық, -лік деген жұрнақтарды жалғау арқылы қазақшалап жүрміз.

- «Спорттық киім» деген секілді ме? 

- Иә, солай. Кәдімгі қазақ тілінің логикасынан айырып отыр бұл жерде. Біз соны түсіндіре алмай келе жатырмыз.  Менің бір мақсатым, осындайды ақырындап ығыстырып, тазалап алу. Бізде іріктелген жауапты шығарушылардың бәрі - «сен тұр, мен атайын» мықты редакторлар.

-Алдағы уақытта қандай кітаптар аударылады?

- Ол жағы әзірге белгісіз, бар мүмкіндік пен күшімізді қазір осы кітаптарға салып жатырмыз.

-17 кітапты қандай талаптар бойынша іріктеп алдыңыздар? 

- 17 кітапты іріктеп алуға қойылған талаптың бірі - ағылшын тілінде болуы, кем дегенде үш рет басылған болуы керек. Яғни, өміршең, сұраныстағы кітап болуы шарт. Халықаралық үздік оқу орындарында қабылданған, сол жерде оқылатын кітап болуы керек.

- Тіл тазалығын да қамтып отыр екенсіздер, терминдер бойынша, аударма бойынша қосымша методикалық құрал, сөздік жасау ойларыңызда жоқ па?

- Ұлттық аударма бюросының жоспары көп. Кітаптар, кітаптар аясында терминология қалыптастыру, қазақ тілінің редакторларына жақсы-жақсы көмекші құралдарын шығару ойда бар. Ол - келешектің жұмысы.        

- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет. 

Соңғы жаңалықтар