Nazarbayev-Trump кездесуі: Қазіргі ахуал мен келешек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан үшін жаңа жыл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етумен басталды. Бұл оқиға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапарымен тұспа-тұс келіп, аталмыш кездесу екі елдің қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерді. «ҚазАқпарат» ХАА-ның Бас директоры Асқар Умаров осы орайда Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың даму келешегі мен қазіргі жай-күйіне талдау жасады.

«Қазақстан Президенті сөз сөйлейтін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына ертерек келгеніңіз жөн» деп ескертті мені таныс америкалық журналист. Ол БАҚ өкілдері өте көптігін және олардың бәрі де Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін тыңдауды күтіп отырғанымен түсіндірді. Егер уақтылы келмеген жағдайда артқы жақта қалып, Қазақстан үшін тарихи отырыстың куәсі болу мүмкіндігі бұйырмай қалар еді.

Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының ғана емес, еуразиялық тақырыпта маманданған сарапшылар ортасының да Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапарына қызығушылық жоғары. Бұл 26 жыл бойы Қазақстанның Тәуелсіз ел ретінде саяси әрі экономикалық жетістіктерімен көшін түзеген шағына тура келеді. Бір қызығы, кейбір бақылаушылар бейресми түрде біздің мемлекетті «бітімгер мемлекет» деп атайтын болған. Бұл түсініктің қалыптасып қалғаны да тегіннен тегін емес: мұның бәрі Қазақстанның 26 жыл бойы бейбітшілікке ден қойып отырғанының арқасы.

Менің пайымдауымша, Қазақстан Президентінің бұл жолғы тарихи сапарының терең мәні бар. Біріншіден, бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдағы тұңғыш ресми сапары. Екіншіден, Ақ үй үшін Қазақстан Президенті - Рождество мерекесінен кейінгі саяси кезеңнің бастауындағы бірінші шетелдік мейман. Үшіншіден, ресми сапар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуімен тұспа-тұс келіп отыр. Төрағалық ету мерзімінің жартысы өтіп кетті. Бүгінгі таңда бастапқы қорытынды жасап, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қалған мерзімге жоспар құра беруге болады.

Нұрсұлтан Назарбаев бейресми түрде Ақ үйде Еуразиялық экономикалық одақтың және Орталық Азия елдерінің атынан барып отыр. Мыңдаған сарапшылардың хабарламасы мен пікірлері әлемнің бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапарына қаншалықты зор маңыз беріп отырғанын тағы бір мәрте дәлелдей түседі. Еуразиялық тақырыпта жазып жүрген сарапшылар мен журналистер ортасы Еуразиялық құрлық пен Орталық Азия аймағында ынтымақтастықты дамыту мен жаһандық қауіпсіздікті талқылау аясында Қазақстан бастамашы болып жүрген процесс туралы ақпаратты тынымсыз іздеу үстінде.

Нұрсұлтан Назарбаевтың 15 қаңтарға жоспарланған ресми сапары айтулы күнмен тұспа-тұс келді. Америка Құрама Штаттары бұл күні ауқымды мерекесін - Мартин Лютер Кингтің күнін атап өтті. Ол - атақты америкалық гуманист әрбір америкалықтың көзқарасына әсер еткен тұлға. Дәл осы Мартин Лютер Кинг әділдікті жақтаушы, АҚШ-тағы тең құқықтылық үшін күрес жүргізген тарихи тұлға болған. Қазақстан ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің ұйытқысы болып отырғандықтан, ресми сапардың дәл осы кезеңге дәл келгенін жақсы ырымға балаймын. Бұл жайлы әртүрлі мемлекеттердің көшбасшылары да ойын білдіріп өтті. БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның айтуынша, Қазақстан - әртүрлі ұлт өкілдерінің бірлікте өмір сүре білген моделі болып табылады. Бұны бүкіл әлем де мойындайды. 

Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап әртүрлі бітімгерлік процестердің бастамашысы мен қатысушысы болып келеді. Сонау 1992 жылы мемлекет аяғынан енді тік тұрып келе жатқанда Қазақстан Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесін (АӨСШК) құруды ұсынды. Бұл халықаралық құрылым күні бүгінге дейін өз жұмысын жалғастырып келеді. Соңғы оқиғаларды еске түсіре отырып, Ресей мен Түркияның арасында достық көпірін орната білген Қазақстан мен оның Көшбасшысының еңбегін ерекше атап өтуге болады. Сириядағы ахуалды ретке келтіруде Қазақстанның әр түрлі күштердің диалогының алаңына айналып отырғаны тегіннен тегін емес. Сол себепті, Қазақстан мен АҚШ-тың екі көшбасшысына күнтәртібінде өзекті мәселелер тұрғандықтан, талқылайтын тақырыптар баршылық.

Дональд Трамп өз елінің жаңа саяси экономикасы жүргізіп жатқан тұста Қазақстан мен АҚШ-тың арасындағы экономикалық қарым-қатынас айтарлықтай маңызды болып табылады. Есімізге түсірсек, Қазақ КСР-ге ең бірінші рет ресми сапармен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер келіп кеткен болатын. Сол кездің өзінде дағдарыс уақытындағы посткеңестік мемлекет келешекте берік әрі экономикасы мығым республика құрып ала алатынына сенім  білдірілген еді. АҚШ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін мойындаған мемлекеттердің бірі болғанын айта кету керек.

Вашингтон Қазақстанды нарықтық экономикалық мемлекетке жатқызады. Америкалық компаниялар ҚР экономикасына ондаған миллиард доллар инвестиция құйып жатыр. Экономиканың әртараптандырылуы мен жаңа бағыттардың дамуына байланысты америкалық компаниялар өздерінің күш-жігерін арттырып, ҚР жаңа экономикалық саясатына белсене атсалысары сөзсіз. Атап айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуразияның көлік-логистикалық хабын құру, Қазақстанның бастамасымен қолға алынған ірі аймақтық экономикалық жобалардың іске асырылуына қатысары анық. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамппен ғана емес, Американың басты ірі компанияларының басшыларымен, бизнес-ортасының өкілдерімен кездесті. Олар әрқашан Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып, Қазақстан басшысының инвесторларға келгенде ерекше қарым-қатынасын атап өтеді.

Америкалық әріптесімен әңгіме барысына Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты стратегиялық ынтымақтастықты тереңдету және күшейту жұмысын талқылады. Қазақстан Президенті Дональд Трампты арнайы шақырғаны үшін алғысын білдірді. Мемлекет басшысы Қазақстанның АҚШ-ты сенімді серіктес ретінде білетінінін мәлімдеді.

«Шақырғаныңыз үшін рахмет. Сізді АҚШ Президенттігінде қызметке кіріскеніңізге бір жыл толуымен құттықтаймын. Осы аралықта сіз экономика саласында сәтті жұмыс жүргіздіңіз. Ақ үйге Орталық Азия президенттерінен  бірінші болып мені шақырғаныңыз елдеріміз арасындағы байланысты барынша нығайта түсеріне сенімдімін», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

«Назарбаев-Трамп» форматындағы кездесу өте табысты болды. Бұл оқиғаның басты құжаты - Кеңейтілген стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы. АҚШ Қазақстанды Орталық Азиядағы келешегі мол мемлекет әрі аймақ пен әлем қауіпсіздігінің шешуші факторы деп біледі. Орталық Азия аймағы дәстүрлі түрде дамыған елдер тарапынан ұдайы назарындағы аймақ болып табылады. Бұл аймақтың тұрақты әрі табысты түрде дамуына деген мүдде баршылық.

Ертең, яғни 18 қаңтарда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйлейтін болады. Ол жерде әлемдік қауіпсіздік мәселесі айтылмақ. Сөзсіз, БҰҰ назары осы оқиғаға аударылып, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде тұрақты емес мүше ретінде бір жыл, ал Қауіпсіздік Кеңесінде төраға болған мерзім ішінде бірқатар бастамаларға мұрындық болып отыр. Солардың бірі - ядролық қарудан ада аумақ құру. Айта кетерлігі, Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға ресми сапары мен оның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйлеуі Қазақстанның жаңа тарихына шешуші дипломатиялық жетістік ретінде енетін болады.

Соңғы жаңалықтар