Назарбаев зияткерлік мектептерінің ұжымы мен оқушылар жаппай велосипедке отырды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің барлық қалаларында Назарбаев зияткерлік мектептерінің қатысуымен бірінші «Велоқала» экофестивалі өтті. Бір уақытта бұл акцияға зияткерлік мектептердің оқушылары, мұғалімдері және ата-аналары, барлығы төрт мыңнан астам адам қатысты. Орал қаласында аталмыш шараны шаһардағы Назарбаев зияткерлік мектебі (НЗМ) ұйымдастырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.



Оған облыстық велоспорт мектебінің 30-дан астам және НЗМ-нің 100-ден астам оқушысы, мұғалімі және ата-аналары ат салысты. Веложорық мектептің алдынан басталып, №14 жалпы орта білім беретін мектепке бағыт алды.

Мектеп директоры Шолпан Қадырованың айтуынша, республикалық экофестивальдің басты мақсаты - жастар мен ересектер арасында велосипед көлігін насихаттау, сол арқылы экологиялық мәдениетті дамыту, салауатты өмір салтына баулу. Бұл шара «Ақбота» қоғамдық қорының қатысуымен БҰҰ Даму бағдарламасы - «Алматы қаласының тұрақты көлігі» жаһандық экономикалық қорының «Сенің қауіпсіз велосипедің - сенің қалаңның экологиясы мен денсаулығың үшін» жобасы аясында ұйымдастырылған.

Белгіленген маршрут бойынша өткен веложорық №14 мектептің алдындағы достық концертіне жалғасты. Екі мектептің оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, шара соңында зияткерлер осы мектептің оқушыларына шағын сыйлықтарын табыстады. 

Соңғы жаңалықтар