Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері ЭКСПО-2017 көрмесіне қатыспақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 20 оқушысы жазғы демалыс кезінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрме барысында өтетін республикалық робот техникасы олимпиадасында бақ сынамақ. Бұл туралы бүгін соңғы қоңырау салтанатында аталмыш мектеп директоры Шолпан Қадырова мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, оған қоса ғалымдармен бірлескен жұмыс нәтижесінде зияткер шәкірттер ЭКСПО-2017 көрмесінде өз ғылыми жобаларын көрсетуге мүмкіндік алып отыр. Жалпы, биыл мектеп оқушылары 2 халықаралық, 33 республикалық және 35 облыстық байқауларда топ жарды.

Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату аясында жалпы орта білім беретін мектептер үшін 30-дан астам, пилоттық мектептер үшін 40-қа жуық іс-шаралар өткізілді. Облыс басшысы Алтай Көлгіновтің ұсынысымен мектеп базасында «Жас директорлар клубы» құрылып, клуб жұмысының аясында өңірдің 20 директоры бескүндік тағылымдамаға қатысы. Сонымен қатар оқушылардың бойында әлеуметтік, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған «Қоғамға қызмет ету» жобасы барысында 80-нен астам ерікті, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Оқу жылын үздік нәтижелермен аяқтаған мектеп бәсекеге қабілетті жаңа білім беру процесінде өз жұмысын одан әрі жалғастыра бермек.
null

Салтанатты жиынға қатысқан Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев Назарбаев зияткерлік мектебінің өңірдегі білім беру саласындағы орны ерекше екендігін жеткізді.

Айта кеткен жөн, биыл облыста 3 мың орындық алты мектеп салынуда, оған қоса 11 мектеп күрделі жөнделмек. Қазақстан Республикасының «Білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес жаңа білім беру бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биыл мектепті 4706 оқушы бітірсе, соның 3229-ы немесе 77 пайызы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіріп отыр. Түлектердің 254-і (2016 жылы - 192, қорғағаны - 90) Алтын белгіге, 137-сі (2016 жылы - 79, қорғағаны - 24) үздік аттестатқа үміткер.

Шаһар басшысы мектептің үздік оқушысы атанған республикалық және президенттік олимпиадалардың жеңімпазы, 11-сынып оқушысы Рустам Әлімқұловқа арнайы сертификат пен сыйлық табыс етті.

Бүгін облыс мектептерінің барлығында соңғы қоңырау салтанаты болып, үздік ұстаздар мен оқушыларға құрмет көрсетілді.
null null

Соңғы жаңалықтар