Назарбаев Университетінде студенттердің жалпы саны төрт мыңға жуықтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын Назарбаев Университетінде 700-ден астам адам оқу грантына ие болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Атап айтқанда, оқу орны құрылған сәтінен бастап 8 мектептегі студенттердің жалпы саны 3 782 білім алушыға дейін жетті: университет алдындағы дайындық бағдарламасының студенттері - 715 адам, бакалавриат студенттері - 2 323, магистратура - 603, докторантура - 90, «Медицина докторы» бағдарламасы бойынша 51 адам білім алуда.

«Жыл сайын 700-ден астам адам оқу грантына ие болады. Оқуға түсу емтихандарының қорытындылары бойынша жоғары нәтиже алған талапкерлер студенттің бүкіл оқу кезеңіндегі шығыстарын өтейтін мемлекеттік білім беру гранты шеңберінде Университетте білім алады. Магистранттар мен докторанттарды оқыту да мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жүзеге асырылады. Жоғары бизнес мектебінің бағдарламалары бойынша оқыту осы санатқа жатпайды»,-дейді оқу орнының өкілдері.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін аталған оқу орнын бітірген түлектерге диплом табыстау рәсімі өтіп жатыр. Сонымен қатар биылғы оқу бітірушілерді арнайы құттықтау үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келеді деп күтілуде. Салтанатты оқу бітіру рәсіміне студенттер, олардың ата-аналары, сондай-ақ оқытушы-профессорлар құрамы, ірі ұлттық компаниялардың басшылары және басқа да қонақтар қатысуда .

Атап айтқанда, Қазақстан Президентінің бастамасымен 2010 жылы құрылған Назарбаев Университеті отандық білім берудің көшбасшысы болып табылады. Биыл оқу бітірген студенттер саны 737 адам,оның ішінде бакалавриат бағдарламасы бойынша - 499 түлек, магистратура бағдарламасы бойынша 229 студент және PhD дәрежесіне ие болған докторантура бағдарламасының ең алғашқы 9 түлегі бар. Ерекше үлгідегі дипломға 75 түлек ие болды.

Соңғы жаңалықтар