Назарбаев Трампқа: Сіз таңғаларлық салық реформасын жасадыңыз, оны 5 жыл бұрын жүзеге асырғанмын
Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ-тың екіжақты қарым-қатынасында экономикалық байланыс маңызды рөл ойнайтындығын атап өтті.
«Қазақстанда америкалық компаниялардың жұмыс істегеніне біраз болды. Олар ел экономикасына 50 миллиард доллардан астам қаржы құйып, бес мыңға жуық жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік жасады. Бүгінгі дөңгелек үстелде 7 миллиард доллар көлеміндегі 20 келісімшартқа қол жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл кәсіпкерлеріміз арасындағы өзара байланыстың деңгейін көрсетеді. Біз Боинг ұшақтарын сатып алуды, Қазақстанда 900 электровоз шығаруды және ауыл шаруашылығы саласындағы байланысты айтып отырмыз», - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан америкалықтарға визасыз режім енгізгенін, енді мұндай қарымта қадамды АҚШ тарапынан күтетінін баса айтты. Алдағы уақытта екі ел арасында тікелей әуе қатынасы орнатылатынын еске салды.
«Құрметті, Президент! Сөз соңында елдеріңіздің экономикалық табыстарға қол жеткізуімен құттықтаймын. Сіз таңғаларлық салық реформасын жасадыңыз. Бұл қадамыңызды қолдаймын, өйткені ондай реформаны мен бес жыл бұрын жасаған болатынмын. Бізде корпоративтік салық 20 пайыз, табыс салығы 10 пайыз. Сізді тоғызыншы немереңіздің дүниеге келуімен құттықтаймын. Өткен жылы менің оныншы немерем жарық дүние есігін ашқан болатын», - деді Қазақстан Президенті.
Фото авторы: Бауыржан Жуасбаев