Назарбаев пен Трамп кездесуінің екі елге де маңызы айрықша - Ричард Хогланд

None
None
ВАШИНГТОН-АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп кездесуінде екі елдің алдағы 3 жылдағы дипломатиялық қарым-қатынасының бағыт-бағдары айқындалады. Мұндай пікірді қазақстандық бақ өкілдеріне сұхбат берген АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы Елшісі Ричард Хогланд білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Вашингтоннан.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ басшысы Дональд Трамп арасындағы кездесудің маңызы зор. Өйткені, Н.Назарбаев - біздің президенттің шақыртуымен Ақ үйге келген Орталық Азиядағы тұңғыш көшбасшы. Кездесу барысында алдағы үш жылға арналған дипломатиялық қарым-қатынастың бағыт-бағдары айқындалмақ. Сондықтан, кездесудің екі елге де маңызы айрықша», - деді Ричард Хогланд.

Оның пайымынша, Орталық Азия әлемнің назарын өзіне көбірек аударуды қажет ететін аймақ. Сол себепті Вашингтон да бұл өңірге жіті назарын аударады. Жалпы Қазақстанның бұл өңірдегі көшбасшы мемлекет екенін шартараптың түкпір-түкпірі біледі. Өйткені, Қазақстан әлемдік деңгейде зор абыройға ие болып, халықаралық аренада да саяси табыстарға қол жеткізіп отыр.

«Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда және экономикалық әріптестік әлдеқашан тамырын тереңге жіберген. Мұндай қуатты байланыстың себебі мынада: Тәуелсіздік алған тұста Президент Нұрсұлтан Назарбаев түбегейлі экономикалық реформалар жасауға шешім қабылдады. Соның нәтижесі Қазақстанға әлемдік экономикада өз орнын табуға септігін тигізді. Нұрсұлтан Назарбаевтың сол шешімі сәтті болғанын уақыт дәлелдеді», - деді ол.

Бұрынғы Елші сұхбат барысында Қазақстанға инвестиция салған америкалық алпауыт энергетикалық компаниялардың да көп екендігін атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстанда инвесторларға қолайлы жағдай жасалғандығын, сондықтан алдағы уақытта олардың саны арта түсетіндігін баса айтты.

«Бизнес өкілдері әрдайым қағазбастылықтың аз және инвестиция салудың мүмкіншіліктері оңай болғанын қалайтындығы анық. Бүгінде сіздердің елдеріңізде кезең-кезеңімен атқарылып жатқан осы саладағы оң өзгерістерді әлем елдері байқап үлгерді. Мәселен, бизнес бастауға жасалған жағдайды анықтайтын Ease of doing Business деп аталатын халықаралық сараптама бар. Аталған тізімде Қазақстан жылдан-жылға өз орнын жақсартып келеді. Бұл сараптамаға бизнес өкілдері үлкен мән береді. Өйткені олар инвестиция салмастан бұрын сондағы кәсіпкерлікке жасалған жағдайға, түсетін пайда көлеміне және жергілікті тұрғындардың біліміне назар аударады. Қазақстанда мұның бәрі бар», - деді АҚШ-тың бұрынғы Елшісі.

Ричард Хогланд БҰҰ-дағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаровтың қызметіне де баға бере беріп, Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне төралығы қызметіне де тоқталды.

«Ол әлемдік деңгейдегі саясаткер. Қ.Омаров БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіндегі мәселелерді анықтау үшін көптеген елдермен тығыз байланыс орнатты. Төрағалық мерзімінде Қазақстан көтерген бастамалар БҰҰ тарапынан қолдау табатынына сенімдімін. Ауғанстан мен ядролық қаруды таратпау ‒ халықаралық деңгейдегі түйткілді мәселе. Құдайға шүкір, қазіргі таңда Ауғанстандағы жағдай тұрақталып келеді. Қазақстан ядролық қаруды таратпау мәселесінде әрдайым алдыңғы қатарда жүреді. Тәуелсіздік алған тұста елдеріңіз арсеналында бар оқтұмсықтардан бас тартып, жаппай қырып-жоятын қаруларға қатысты өз ұстанымын бекітіп, сынақ алаңдарын жапқаны баршаға мәлім. Бұл ‒ әлемнің басқа елдеріне үлгі болуы тиіс», - деді америкалық дипломат.

Сонымен қатар ол Барак Обаманың бастамасымен өткізілген С5+1 кездесуі алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.

«Дональд Трамп аталған мәселемен жақсы таныс және оны қолдайды. Жылына бір рет кездесіп тұрған жақсы, бірақ жеткіліксіз. Алдағы уақытта С5+1 кездесуі С5-ке айналуынан үміттенемін. Орталық Азиядағы бес мемлекет ресми түрде тізе қосып жұмыс істеп, геосаяси блок құруға шешім қабылдайтындығына үміт артамын. Бұл аймақтың әлеуетін және экономикасын күшейтіп, егемендікті нығайта түседі. Келешекте С5+1 Орталық Азия елдерін біріктіретін саяси блокқа айналатындығына үмітім бар», - деп түйіндеді сөзін Ричард Хогланд.

Соңғы жаңалықтар