Назарбаев Өзбекстан президентін «Достық» орденімен марапаттады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана-Опера» театрында Өзбекстанның Қазақстандағы жылы ресми түрде ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстанның басшылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің арасындағы бауырластық әрі достық байланыстарды ерекше атап өтті. «Қазақстандағы Өзбекстан жылы екі xалықтың арасындағы бауырластықтың айқын көрінісі болса керек. Бізде ортақ дүниетаным, ортақ көзқарас, ортақ мәдениет, ортақ дін мен ортақ салт-дәстүр бар. Ал тіл мен дәстүр қашанда xалықтардың өзара жақындасуына негіз болған. Бүгін бауырлас елдің үздік өнер ұжымдары Астанаға өзбек мәдениетінің озық шедеврлерін көрсетеді», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Президент екі елдің сауда-экономикалық байланыстардың сәтті дамып жатқанын да жеткізді. Өткен жылы бірқатар маңызды келісімдер жасалды. Соның бірі - 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялау. Ал келесі жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы өтетін болады. «Аталған екі үлкен бастаманың арқасында елдер арасындағы байланыстар руxани жағынан байып, күшейе түседі. Мәдениет, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық нығаяды деп сенеміз», - деді Елбасы.
null 

Осыдан кейін Мемлекет басшысы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке I дәрежелі «Достық» орденін тақты. Өз кезегінде көрші елдің басшысы ризашылығын білдірді.

«Бүгін мен ең бақытты адаммын. Себебі осындай үлкен марапатты Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алып отырмын. Бұл - мен үшін үлкен абырой әрі бақыт. Бұл орден - екі елдің ордені, бұл орден - үлкен достықтың көрінісі. Марапат жасап отырғаныңызға шексіз алғысымды айтамын», - деді Ш.Мирзиёев.

Айта кетейік, бүгін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Орталық Азия елдері басшыларының жұмыс кездесуіне қатысу үшін Астанаға келді.  Аталған шара Ақордада өтті.

Кеңеске Қырғызстан Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев және Түрікменстан Меджлисі төрайымы Акджа Нурбердыева ханым қатысты.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Орталық Азия елдері басшыларының байланысы жандана түсті.

Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Наурыз мерекесіне орай бірлескен мәлімдеме жасады.

Кеңестің келесі кездесуі Ташкентте өтеді. 

Соңғы жаңалықтар