Назарбаев: Оңтүстік өңірдің тарихы - тұтас Қазақстанның тарихы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылық өкілдерімен кездесті, деп хабарлады бүгін Ақорданың баспасөз қызметі.

Елбасы кездесуде өңірдің бірегей тарихына және мәдени ерекшелігіне тоқталды.

«Оңтүстік Қазақстан - қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке. Бұл - абыздар мен әулиелердің қасиеті дарыған, Қожа Ахмет Яссауи мен Әл-Фарабидің ізі қалған, көне мәдени мұраға бай киелі жер. Қазір бұл өңірде бүкіл ел халқының 16%-ы тұрады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті оңтүстік өңірдің тарихын тұтас Қазақстанның тарихы деуге болатынын атап өтті.

«Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде 800-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Әлемге әйгілі жәдігерлеріміздің көпшілігі осында. Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран қалалары, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб кесенелері - біздің мақтанышымыз. Осындағы әрбір төбе мен қырқаның, өзен мен көлдің аттары - тұнып тұрған тарих. Мәртөбе, Күлтөбе және Ордабасы - халқымыздың сақталуына әсер еткен қазақтың бірлігі мен тұтастығының қасиетті символы. Біз осының бәрін ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Жастарды патриотизмге, отаншылдыққа, туған жерді сүюге баулу қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елде үштілділікті толыққанды енгізудің өзектілігіне тағы да тоқталып, әліпбиді ауыстыруға қатысты күмәнді сейілтті.

«Ағылшын тілін оқытуды жандандыру қажет, ол іскерлік ортаның барлық саласында қолданылатын болады. Бұл - заман талабы, тек бізге байланысты емес», - деді Елбасы.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті облыстың дамуындағы бірқатар проблемалық мәселелерге тоқталды.

Соңғы жаңалықтар