Назарбаев елорданың тәртібі туралы: Астана - тұрғындар үшін жайлы қала болуы керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының қатысуымен Астанада өтіп жатқан Елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Президент Нұрсұлтан Назарбаев шаһардағы қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қоғамдық тәртіп! Өткен жылы жемқорлық сипаттағы қылмыстық істердің саны 2 жарым есеге ұлғайған. Қылмыстық жауапқа 52 қызметкер тартылған... Ішкі істер департаментінің бастығы қайда?», - деді мәжіліс барысында Президент.

Мемлекет басшысының бұл сөзінен кейін орнынан көтерілген қалалық ІІД бастығы Марат Қожаев өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының қатарында мұндай жағдай кездесіп жататынын мойындады.

«Өз қатарымызда ондайларды анықтауды үйрендік. Прокураурамен, ҰҚК-мен бірге жұмыс атқарамыз. Жол сақшыларының барлығын видеотіркеушімен қамтыдық. Сонымен қатар, біздің қызметкерлер өз міндетін атқарған кезде ескертпелі және ескертпесіз тексерістерді жүргізудеміз. Бұл жұмысты жалғастыруға тырысамыз», - деді Марат Қожаев.

Бұдан кейін сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев ведомство басшысына тапсырма жүктеді.

«Жарайды. Сіздер өткен жылы ІІМ-мен бірге «ЭКСПО-2017» көрмесі өткен кезде жақсы жұмыс жүргіздіңіздер. Көрме өткен уақытта айтарлықтай ескерту болған жоқ. Демек, біз жұмыс істей аламыз. Мен министрге де айтқан едім: Астана тұрғындар үшін жайлы қала болуы керек. Министрлік осында. Әлемдік тәжірибені есепке ала отырып, жастарды бұл жұмысқа тартыңыздар. Тәртіп орнат!», - деп тапсырды Президент.

Соңғы жаңалықтар