Назарбаев: Биыл АӨК үшін 97 млрд теңге бөлінеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне тағы да 97 млрд теңге бөлінеді. Бұл ақша әртараптандыруға экспортқа, қайта өңдеуге және кооперативтерге бөлінеді. Бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Басымдық аграрлық салаға беріліп отырған Солтүстік Қазақстан облысы жұртшылығымен кездесу барысында кеңінен тақыланған тақырыптардың бірі ауыл шаруашылығы болды. Нұрсұлтан Назарбаев облыстағы астық бастыру жұмыстарына оң баға бере келе аграршылар алдына бірқатар нақты тапсырма да жүктеді.

«Бірінші тапсырма - әртараптандыру. Әр шаруашылықта ненің тиімді екендігін анықтау қажет. Біз суармалы жерден айырылып қалдық. Соның салдарынан мал шаруашылығын, қой шаруашылығын жоғалттық. Бір құдық төңірегінде мыңдаған қой өсіруге болады. Мен 600 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіруді тапсырдым және оған ақша да бөлінді», - деді ҚР Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы экспортты ұлғайтып, сол арқылы түскен қаржыға техника мен минералды тыңайтқыштар сатып алу қажеттігін атап өтті. Алыпсатарлар ісіне тосқауыл қою үшін кооперацияларды қалпына келтіру маңыздылығын айтты. Ауыл шаруашылығын субсидиялау тетіктерінің өзгеріске ұшырап, ендігі уақытта еңбек өнімділігіне басымдылық берілетіндігін ескертті.

«Ешқандай алтын нанмен теңесе алмайды. Біз құнарлы жеріміздің арқасында үлкен байлыққа иеміз. Қазақстан қазіргідей 18 млн емес 100 млн адамды тамақпен қамтамасыз ете алады. Біз мұны жасап та жатырмыз. Жыл сайын 8-10 млн тонна астық сатамыз», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі уақыттағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді алаңдататын жай астықты сату мәселесі болып отыр. Өйткені, нарықтағы бәсекелестік ұлғайып келеді. Сондықтан астық өткізетін жаңа нарықтар қажет.  Осы ретте ҚР Президенті таяудағы Қытайға сапары барысында қазақстандық астықты бұл елге экспорттау туралы келіссөздердің табысты өткенін айтты. Мұнан бөлек,  Парсы шығанағы арқылы Иранға да астық жеткізу жоспарланып отырғандығын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар