Назарбаев Алматыдағы ЖЭС-2-ні газға көшіру жөнінде тапсырма берді

None
None
  АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға жұмыс сапары барысында қаланың дамуы мәселелерін талқылауға арналған жиын өткізді.

Отырыс барысында Президент қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше ден қойды.

«Соңғы жылдары атмосфера қабатының ластануы 20 пайызға азайған. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Әкімге Самұрық қазынамен біріге отырып, 2020 жылға дейін ЖЭС-2-ні газға көшіруді және жекеменшік секторды түгел газға көшіруді аяқтауды тапсырамын. Қалада жасыл-желектің өсуін бақылауды жүйелеу керек. Былтырдың өзінде 5 мың ағаш шабылған. Бұл орайда өтемақыны көбейтіп, қадағалауды күшейту керек», - деді ол.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қала әкімдігіне қоқыс қалдықтарын жинау, қорыту, жою циклінің түйткілді мәселелерін шешуді тапсырды.

«Соңғы 5 жылда қала инфрақұрылымын дамытуға 430 млрд теңге жұмсалған. 30 жол айрығы, 330 шақырым инженерлік желілер салынды. Қала орталығының 1/3-і қайта жасалды. Алайда бұл жерде әлі де шешімін таппаған мәселе бар. Қалада көлік ағыны әлі деп көп. Күніне 700 мың көлік кіреді. Бұл проблеманы смарт технологиялар негізіндегі «Ақылды көлік жүйесі» элементтері арқылы шешу керек», - деді мемлекет басшысы.

Қала көлемінің қарқынды өсіп келе жатқандығын ескере отырып, Мемлекет басшысы қаланың бас жоспарын жасайтын институтты қайта қалпына келтіру туралы ой қозғады.

«30 жылда қала 2 есе өсті. Алатау, Наурызбай аудандары қосылды. Ал бас жоспар 2004 жылдан бері өзгермеген. Бас жоспармен айналысатын институт 2008 жылы тарап кеткен болатын. Егер аса қажет болса, институтты қалпына келтіруге болады», - деді ол.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев орталық мемлекеттік органдардың бақылауында болса да қараусыз тұрған ғимараттарды атады.

«Баум бағы, Ботаникалық бақтың жағдайы қиын. Балуан Шолақ атындағы сарайға да күрделі жөндеу керек. Министрлік қалдық принципімен ақша бөледі. Ал әкімдік бюджеттік заңнамаға сәйкес ақша бөле алмайды. Егер минситрлік мұнымен айналыспаса, онда жергілікті атқару органдарына беру керек», - деді Қазақстан Президенті.

Соңғы жаңалықтар