Назарбаев Алматы әкіміне индустриялық аймақты жаңа жобалармен толтыруды тапсырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының дамуы туралы жиынға қатысты.

Елбасы Алматы қаласы  бүгінде Қазақстанның қаржылық, мәдени, ғылыми орталығы екендігін атап өтті.

«Ширек ғасырда экономика 100 есе өскен. ШОБ саласындағы өндіріс көлемі 130 есе өсті. Қала ауданы мен тұрғын үй қоры да 2 есе өсті. Бұрын елдер өзара бәсекеге түсуші еді, қазір қалалар бәсекелесетін уақыт туды. Сондай дәуірге куә болып отырмыз. Бүгінде әлемде 600 қала әлем ЖІӨ-сінің 2/3 бөлігін жауып отыр», - деді мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Алматы инфрақұрылымының жылдан жылға дамып келе жатқандығын атап өтті. Соңғы екі жылда қалада 100 мың ағаш отырғызылып, 42 шақырым арық желісі жөнделді, 60 шақырым веложол салынды.

«Бүгінде екі туристің бірі Алматыға келеді. Қалада қонақүйлер, театрлар, музейлер желісі, спорт нысандары дамыған. Биыл «ЭКСПО-2017» өткізілуіне байланысты елге келетін туристер саны көп болды. Бұл шараның сәтті өтуінің өзі Астана мен Алматының ғана емес, барлық Қазақстанның абыройын көтерді», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы Алматының экономикалық әлеуетін бағалай отырып, ШОБ субьектілерінің дамуына барынша жағдай жасаудың маңызын айтты.

«Жылдың басында мен барлық өңірлерге жаппай отбасылық бизнесті дамытуды қамтамасыз етуді тапсырған болатынмын. Қазір Алматыда ШОБ негізінен банктен алған несиемен күн көріп келеді.

Биыл шағын бизнеске бөлінетін банк несиелерінің көлемі 43 пайызға қысқарған. Әкімдік пен «Даму» қорының көрсетіп отырған қолдауы тек 2 пайызды құрайды», - деді ол.

Мемлекет басшысы бизнесті көлеңкелі айналымнан заңды салаға шығаруға тапсырма берді.

«Қалада құны 4 трлн теңге болатын мүлік пен ақша заңдастырылды. Бұл қосымша салық түсімін 100 млрд. теңгеге арттырады», - деді ол.

Мемлекет басшысы инновациялық өнім көлемінің 2 есеге азайып кеткендігін  тілге тиек етті.

«Алматыда елдегі ең басты ЖОО-лар орналасқан. Оның ішінде Қ.Сәтпаев атындағы Техникалық  Университет бар. Алайда, ауқымды инновациялық жобаларды көріп жүрген жоқпыз. Бұл жерде әкімдік пен құзырлы органдар қажетті шара қабылдау керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Инновациялық дамуға қол жеткізу үшін «Алатау» ИТП арнайы экономикалық аймағының мүмкіндігін пайдалануға кеңес берді.

«Оны салу үшін бюджеттен 20 млрд теңге жұмсалды. Ал жұмыс істеп тұрған 12 жылда бар-жоғы 22 млрд. теңге шетелдік инвестиция тартылды. Әкімдік аймақ жұмысына ешқандай ықпал етпейді. Бұл мәселеге тәртіп орнату керек. Экономикалық аумақты тиімді қадағалау орнату керек», - деді ол.

Мемлекет басшысы индустриялық аймақтың мүмкіндігі туралы да айтып өтті.

«Бүгінде құны 191 млрд теңге болатын 40 жоба тіркелген. Қазір тек 1 жоба жұмыс жасап жатыр. 13-інде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қалғанында әлі  дайындық жүріп жатыр. Әкімге индустриялық аймақты жаңа жобалармен толтыруды тапсырамын», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар