Науырзым қорығындағы өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Науырзым табиғи қорығында болған өрттің себептері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомстводан мәлім етілгендей, өрттің басталғаны туралы хабар Науырзым ауданы Қараменді ауылындағы өрт сөндіру бекетіне кеше сағат 17:34-те түскен.

«Ашық алқаптарда құрғақ шөпті өртеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ, желдің жылдамдығы 19 м/с дейін жетіп, жалынды өршітіп жіберген. Бұл процесс адамдардың бақылауынан шығып кеткен. Өрт Ақбұлақ ауылынан Науырзым қорығына дейін жеткен. 19 сәуір күні сағат 02:10-да өрт толықтай сөндірілді. Дала өртін сөндіру жұмыстарына 128 адам, 26 арнайы техника қатыстырылды. Өрт аумағы 500 га құрады», - деді облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Уәлихан Досанов.

Өрт орнында Қостанай облыстық ІІД жедел-із кесу тобы жұмыс істеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт адамдардың абайсыздығынан болған. ҚР ҚК 292-бабы («Өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Еске салсақ, төтенше жағдай кеше Науырзым ауданынан 15 шақырым жердегі Ақбұлақ ауылында болды. Салдарынан 500 га дала алқабы өртке оранды. 

Соңғы жаңалықтар