Наурызда балғамен төс соғу: Түркі елшілері байырғы дәстүрді жаңғыртты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) Астанадағы орталығында барша түркі халқына ортақ мейрам - Наурыз мерекесі тойланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шарада Академия басшысы мен елшілер ежелгі түркі дәстүрі бойынша, балғамен төс соғып, темір ұрды.

Балғамен төс соғу тарихы ежелгі «Ергенеқон» дастанымен тығыз байланысты. Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарихынан» бізге жеткен әфсанаға жүгінсек, әйгілі Оғыз ханның нәсілінен тараған Елханның елі шапқыншылыққа түсіп, Алтайдың баурайындағы Ергенеқон шатқалына тығылып, аман қалады. Тар шатқалда өсіп-өнген халық төрт ғасыр бойы тапжылмайды. Ақыры шығар жол іздеп, осы Наурыз айында таудың темірмен құрсалған бөлігін жетпіс қараның бүтіндей сыпырылған терісінен жасалған жетпіс көрікпен от жағып ерітіп, Көкбөрінің жол бастауымен етекке түсіп, елін азат етеді. Осылайша, Ергенеқоннан шыққан күнін жыл сайын Наурызда тойлай бастайды. Жаңғыру мен жаңарудың бұл мейрамын «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды. Түркі хандарының, одан бері Шыңғыс хан бабамыздың тұсында Ұлыстың ұлы күні от жағып, көрік басып, балғамен төс соғып, темір балқыту салты сол аңызға сәйкес құрылған дәстүр деседі.

null null null 

«Бүгінгі Наурыз тойын Мәңгі тастың алдында ұйымдастыруымыздың мәнісі зор. Мәңгі тас - VII ғасырда бүкіл түркі тайпаларының жиналып, анттасып, таңбаларын тасқа басқан жері. Сол тастың көшірмесін елге әкелген болатынбыз. Тарихи деректерге сүйенсек, ертеде қағандар Наурызды төске балға ұрып, көрік қыздырып, алау жағып, қобыздың үнімен қарсы алады екен. Осылайша, біз де байырғы дәстүрді қайта жаңғыртуды ойластырдық», - деді Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі Наурызға арналған мерекелік шарада.

null 

Оның айтуынша, төс пен балға Наурыз мейрамының басты символикалық мәніне айналуы тиіс.

«Көрісу, кешірім, Отпан тауда от жағу сынды Наурыздың символикалық мәні көп. Дегенмен, Наурыздың рәмізі ретінде төс пен балға біздің жанымызға жақын келіп тұр. Себебі, байырғы баһадүр бабаларымыз ұста болған. Олар темір қорытып, тұтас Еуразия кеңістігіне үстемдік жүргізген, атты тағалап мінді, тақты да, қылышты да, тәжді де асыл заттардан жасаған. Төс те, балға да халқымызда қастерлі ұғым болып есептеледі. Көрік балқытып, төсті соғу - үлкен ырым. Ендеше, осы Наурыздың басы ретінде төске балға соғылып жатса, оған күллі түркі жұрты қосылып жатса, қобыз бен Қорқыттың күйі естіліп жатса, меніңше бұл бізді біріктіре түсетін, байырғы бабаларымызбен үндестіре түсетін жаңа сипат деп ойлаймын», - дейді Түркі академиясының басшысы.

null  

Сондай-ақ, Дархан Қыдырәлі Халықаралық Түркі академиясының алдағы жоспарлары жөнінде айтып берді.

«Халықаралық Түркі академиясының аясы кеңейіп жатыр. Мажарстан мемлекеті ұйымға мүше болды, Моңғолия да ықылас танытып жатыр. Рухани жаңғыру мен Мәдени мұраға байланысты, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығын, Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығын және көк түрік жазбасының алғаш оқылуының 125 жылдығын ЮНЕСКО-да атап өтеміз. Вильгельм Томсон Орхон жазбаларын 125 жыл бұрын оқыған, Әлемде көптеген мемлекеттердің әліппесі, жазуы жоқ кезде біздің төл жазуымыз болған. Соны оқып, әлемге танытқан Томсонның еңбегіне биыл 125 жыл толып отыр, бұл - біз үшін атаулы дата», - деп өз сөзін түйіндеді Д. Қыдырәлі.

null null  null null 

Соңғы жаңалықтар