Наурыз көже қалай дайындалады: «ҚазАқпарат» танымал тұлғалардың рецептін ұсынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көптеген халықтардың ертеден келе жатқан ортақ тойы, жыл басы - Әз наурыз да келіп жетті. Бұл күні әр шаңырақта қазан оттан түспей, уыз қатырылып, сорпа сапырылады, наурыз көже дайындалады. Айта кетерлігі, наурыз көжені дайындаудың белгілі бір тәсілі жоқ. Оны әркім өз қалауы бойынша пісіреді. Мысалға, әжелеріміз май сақтаған қарынды жуып, көженің түбіне салады екен. Тұз бен май сіңген қарын көжеге ерекше дәм кіргізеді. Тағы бір әдіс бойынша, дәкеге түйіліп, жылқының ысталған жалы қайнатылған. Оны үлкен әжелер аршамен, адыраспанмен, не басқа да шөптермен ыстап, Наурызға дейін арнайы сақтаған. Бұл көжеге ерекше дәм кіргізіп қана қоймай, оның құрамына емдік, дәрумендік те әсер берген.   

Қазақстанның әр өңірінде, тіпті әр үйде мерекелік көжені дайындау әдісі әртүрлі болғанымен, оның ортақ қағидаты: қосылатын дәмдердің саны жетіден кем болмауы шарт. Осы орайда, «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі жұрт сүйсініп ішетін наурыз көжені еліміздің танымал тұлғалары қалай әзірлейтінін сұрап білген еді.  

Оразкүл Асанғазы, қоғам қайраткері:

null  

-         Негізі, соғым сойған уақытта Наурызға деп етті арнайы дайындап қоямын. Өйткені, қыстан қалған соғымнан, сүрленген еттен сорпаның да, ондай сорпаға пісірілген көженің де дәмі ерекше болады. Алайда, сүрленген ет кейде болмай қалуы мүмкін. Қазақ болғаннан соң үйден қонақ арылмайтынын білесіздер. Ондай жағдай болса сүрсіз, қолда бар етті қазанға асамын. Ет асылып жатқанда сәйкесінше тұз, май, дәнді-дақылдарды саламын. Дәнді-дақыл дегенде, арнайы бір дақылдарды емес, үйде барын, мысалға бидай, жүгері, тары қосамын. Кейін бұршақ дақылдарын - асбұршақ, маш араластырып, пісіремін. Дайын болған көжеге айранды қосамын. Осылайша, 7 түрлі дәмнен Наурыз көже әзірлеймін.

Ләйлә Сұлтанқызы, тележүргізуші:

null 

-         Қазақтың ең жақсы көретін, негізгі ас дәмдерінің бірі - ет. Сол себепті Наурыз көжеге қазақтың төл асы - ет міндетті түрде қосылады. «Қазан толсын, ас мол болсын» деген ырыммен, Наурыз көжеге тұтастай ет салып қайнатамын. Көжеге екінші - жүгері, бидай қосамын. Жалпы, Наурыз көжеге дәнді-дақыл қосудың бір мағынасы «бір тамырдан өсіп-өнген дәндей ұрпағымыз көп болсын» деген тілек болса керек. Көжеге міндетті түрде айран құйып, құрт қосамын. Кейін, кеспе саламын. Жеті түрлі дәмді қосып жасауды естен шығармауымыз керек.

Алтынай Жорабаева, әнші:

null 

-         Көженің маңызы - сорпасында. Сондықтан қыстан қалған еттерді ұзақ уақыт, баппен, асықпай қайнатамын. Дәнді-дақылдарды, атап айтқанда, тары, күріш, жүгері, арпа жармасын, асбұршақ, сүмбіл бұршақ, бадана, машты қосамын. Айта кетерлігі, наурыз көжеде қандай дәм, қандай дақыл қосқаның көрініп тұруы керек. Яғни, бұршақтар езіліп, сорпаға айналып кетпеуі тиіс. Сондықтан, бұршақтардың түстері оңып, бұзылып кетпеуі үшін әрі пісіру уақыты әртүрлі болғандықтан, жеке-жеке суға қайнатып аламын. Арпа жармасын бөлек пісіріп, үстіне айран құямын. Кейін жеке қайнатылған дәнді-дақылдарды еттің сорпасына қосып, кеспе салып пісіремін. Алдын ала бөлек ыдысқа айран мен арпа жармасын араластырып қоямын. Оны наурыз көжеге қоспаймын. Тек дәм татуға ұсынар кезде кесеге арпа жармасы бар айранның үстіне наурыз көжені құйып беремін.

Ирина Тен, тележүргізуші:

null 

-         Наурыз - көктемде келетін жылулыққа толы мереке. Мен ерекше қастерлі санайтын мейрамның бірі. Әдетте, біздің Арал өңірінде Наурыз көжені етті бөлек асып, соның сорпасына жеті түрлі дәм қосып әзірлейді. Сондықтан біз жақта етті Наурыз көжеге қоспайды. Етті тағам ретінде бөлек ұсынады. Бала күнімде дайындалған көжелерден ет қосылғанын көрген емеспін. Қалауымша дән, бұршақтар қосамын. Қазақтың ұлттық тағамдарының көп түрі сүттен жасалады. «Ақ мол болсын!» деп жатады ғой. Сол үшін, менің ойымша, Наурызға қосылатын міндетті тағамның бірі - сүт. Емдік қасиетке ие арпаны, бидай мен күрішті саламын. Дәмін келтіру үшін тұз бен қант қосамын.

Тамара Асар, әнші:

null 

-         Наурыз мейрамын басты тағам - Наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Бұл дәстүрлі астың құрамында 7 дәм болуы тиіс. Сүр етті қайнатып, оның сорпасынан көже әзірлеймін. Дәнді-дақылдардан бидай, тары, жүгері қосамын. «Ақ мол болсын» деген ниетпен, айран мен құртты езіп саламын. Біздің Маңғыстауда Наурыз көжеге қара мейіз қосып дайындайды. Былтыр гастрольдік сапармен Қызылорда өңірінде болғанымда бүлдірген қосылған көжеден дәм татқан едім. Дәмі тіл үйіреді екен. 

Соңғы жаңалықтар