Науқас қызына қан құйғызбай қойған ана діни ұйым арқылы түсінік берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Иегова куәгерлері» діни ұйымы Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-консультациялық орталықтың 4 жасар Виктория Сусаеваның қазасына байланысты мәлімдемесіне орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін қыздың анасы Наталья Сусаеваның Иегова куәгерлері діни ұйымының мүшесі екендігі, діни наным-сеніміне байланысты қызына қан құйғызудан бас тартқандығы хабарланған болатын.

Орталық мәліметінше, Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы онкология бөлімшесінің меңгерушісі Арман Әбенов анасының қандай ниетпен ота жасатудан бас тартқандығын білмейтіндігін айтқан және дәрігерлер қызды Үндістанға емдеуге алып кеткендігін білмеген. Мамыр айында кішкентай қызды операцияға дайындап, сол үшін дәрігерлердің арнайы консилиумы да өткен. Бірақ, операция алдындағы түнде анасы дәрігерлерге айтпастан қызының жағдайының ауырлығына, ісік көлемінің ұлғайып кеткендігіне қарамастан кетіп қалған. Бұған қоса, дәрігерлер діни ұйым мүшелері тарапынан медицина қызметкерлеріне қысым болғандығын да айтуда. «Иегова куәгерлері христиан қауымы» жергілікті өкілдігінің мүшелері қанды алмастыратын компоненттерді пайдалану қажеттігін айтып, табандап тұрып алған. Кейіннен бүлдіршінің қаза тапқандығы белгілі болған еді. 

Ал діни ұйымның баспасөз қызметін өздерінің тарапынан дәрігерлерге ешқандай қысым болмағандығын айтуда. Сонымен қатар операция алдындағы түнде Натальяның дәрігерлерге де, қыздың әкесіне де айтпай баланы алып кетті деген ақпарат жалған дейді. 
Аталған ұйымның баспасө қызметі арқылы Наталья Сусаева мынадай түсініктеме берген: «Дәрігерлер Викторияны қансыз хирургия әдісін қолдану арқылы емдеуді одан ары жалғастыруға шешім қабылдай жатқандықтан Үндістандағы Aster CMI Hospital ауруханасының хирург-гепатологя, дәрігер Сонал Астзанның шақыруын қабыл алдым.

Ол аурухананың дәрігерлері гепатобластомды емдеуде мол тәжірибелері бар екендіктерін дәне қан қолданбай емделудің толық курсын өткізуге болатындығын айтты. Үндістан консулының баға жетпес көмегінің арқасында біз Үндістанға медициналық визаны бір күннің ішінде алдық. Қазақстандағы дәрігерлердің үлкен жұмыс атқарғандығын бағалаймын. Бірақ. Менің шешімім Викторияның мүддесі үшін қабылданған еді және оған емделуге барынша жағдай жасау ниеттен туындады».
Ол бұл шешімін бөлімше меңгерушісі доктор Мұстафиновке айтқандығын алға тартуда. Мұстафин және емдеуші дәрігер Өтебалиев бүлдіршінді Aster CMI Hospital ауруханасына жіберу туралы құжатқа және ұшаққа отырғызу рұқсатына қол қойған. 

«Мен бұл жайында бұрынғы күйеуіме хабарладым және ол Викторияны Үндістанға апару үшін менім атыма сенімхатты бірден рәсімдеп берді. Жоғары айтылған әрекеттердің бәрі ақылға сыйымды әрі заңды болғандығын, дәрігерлер мен бұрынғы күйеуімнің келісімінің бар екендігін ескере келе мен жаңалықтардағы сүйікті қызымның қазасына қатысты тараған жалған ақпараттар салдарынан жан-жақты қысымның астында қалғандай сезінемін. Сүйікті баламның өліміне қатты қайғырудамын. Отбасы мег достарым қолдау көрсетуде», - деді ол. 

Айта кетерлігі, бұл діни-наным сенімге байланысты баланың өліміне жол берілген бірінші оқиға емес. Осыған дейін Шымкентте 9 айлық бала ауруханада мерт болған еді. Өйткені, «Иегова куәгерлері» діни ұйымының мүшелері болған ата-аналары сәбиге қан құюға рұқсат бермей қойған болатын. 
Таяуда Үкімет үйінде өткен брифингте Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «Иегова куәгерлері» діни ұйымының Алматыдағы жұмысының тоқтатылуы мен анасының қызы Виктория Сусаеваға қан құюына қарсы болуына қатысты пікір білдірген болатын. «Біздің заңнамамызға сәйкес Қазақстан тіркелген барлық діни бірлестіктер тең құқылы әрі заң алдында бірдей. «Иегова куәгерлері» діни бірлестігі Қазақстанда ресми тіркелген діни бірлестік саналады. Сондықтан ол заңнамаға сәйкес жұмыс істейді. Біздің ұстанымымыз бойынша, бұл ұйым экстремистік емес және бүгінгі күні оны толықтай жабу немесе оған Қазақстанда қандай да бір қысым жасау жоспары жоқ. Жалғыз ғана талап - заңнаманы сақтау. Алматыдағы жайтқа қатысты айтар болсам, сот шешімімен «Иегова куәгерлері» діни бірлестігінің жұмысы тоқтатылды. Жабылған жоқ, үш айға тоқтатылды. Бұл барынша жеңіл формасы. Ғибадат мекемелерінде терроризмге қарсы қорғаныс ережесі сақталмаған. Терроризмге қарсы қорғаныс ережесін құқық қорғау және күштік органдардың арнайы комиссиясы тексереді. Олар бұл ережелердің сақталмағандығын анықтады. Ұйғарым енгізілді. Алайда, бұл ескертулер мерзімінде жойылған жоқ. Сондықтан материалдар сотқа берілді және сот діни бірлестік қызметін үш айға тоқтату туралы шешім қабылдады», - деген болатын. 

Оның айтуынша, егер бұл ескертулер жойылатын болса, онда діни ұйым өз қызметін жалғастыра алады.

Соңғы жаңалықтар