НАТО Норвегиядағы оқиға үшін Түркия президентінен кешірім сұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлескен НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг Норвегияда НАТО-ның оқу-жаттығуы кезінде болған жағдай үшін ресми түрде кешіріп сұрады. Бұл туралы Түркия басшысының әкімшілігіне сілтеме жасап Анадолы агенттігі хабарлады.

НАТО Бас хатшысының айтуынша, болған жәйт жан-жақты тексерілуде. Ал оған қатысы бар келісімшарт бойынша техникалық жұмысшы дереу жұмыстан қуылды.

Столтенберг Түркия НАТО-ның маңызды серіктесі болып табылатынын атап өтті.

«Келешекте мұндай оқиғаларды болдырмас үшін барлық қажетті шаралар қолға алынатын болады. Болған дау-дамай Солтүстікатлантикалық альянстың Анкарамен одан арғы қарым-қатынасына әсер етпейді деген үміттемін», - деді НАТО бас хатшысы.

Айта кетейік, 8-17 қараша күндері аралығында Норвегияда НАТО-ның «Үш ашалы найза» («Trident Javelin») атауымен оқу-жаттығуы өтті. Оның ұйымдастырушылары Альянстың шартты қарсыластары көрсетілген стенд ілген. Олардың арасында Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік пен Режеп Тайип Ердоған да болған. Оны көрген түрік әскерилері оқу-жаттығудан қатысуға бас тартқан.

Норвегияның қорғаныс министрлігі мен НАТО-ның бас хатшысы Түркия президентінен бұған дейін де кешірім сұраған болатын.

 

 

Соңғы жаңалықтар