Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына сәйкес БҚО-ға 4,3 млрд теңге бөлінді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында биыл БҚО-ға 4,3 млрд теңге бөлініп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Кәсіпкерлер құқығын қорғауға арналған «Қуатты бизнес - қуатты Қазақстан» атты форумда облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовтың атап өткеніндей, осы көкейкесті мәселеге Елбасы үнемі көңіл бөліп, нақты тапсырмалар беріп келеді. Мемлекет басшысының «Президенттің әлеуметтік бес бастамасы» атты үндеуінде де шағын несие беруді көбейту туралы айтылғаны белгілі. Осы орайда Батыс Қазақстан облысына да үлкен қолдау көрсетілуде. Мысалы, 2016 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыруға 1,6 млрд теңге бөлінсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 200 млн теңгеге көбейді. Биыл қосымша 1,3 млрд теңге бөлу көзделуде. Сол секілді Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 2017 жылы облысқа 2,6 млрд теңге қаралса, биыл одан әлдеқайда көбейіп отыр.  Әкімшілік кедергілерді қысқарту бағытында нақты жобалар қолға алынды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақовтың айтуынша, облыста 37 мың кәсіпкерлік нысаны болса, оларда экономикалық белсенді халықтың үштен бірі немесе 110 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жалпы өңірлік өнімнің 42 пайыздайын шағын және орта бизнес нысандары өндіреді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының БҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Рустам Ақмырзаевтың сөзіне қарағанда, 2015-2017 жылдары шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласудың 35 дерегі анықталып, сол бойынша 19 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осы 19-дың оны жергілікті атқару органдарында жұмыс жасайды. Сондай-ақ соңғы үш жылда кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру деректері (12 қылмыстық іс қозғалған) ауыл шаруашылығы саласында жиі кездесуде.

Жиында кәсіпкерлер құқығын қорғау бағытында ұсыныс-пікірлер талқыға салынып, «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы таныстырылды. Форум соңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті және ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы арасында өзара ынтымақтастық туралы жол картасын жүзеге асыруға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойылды. 

Соңғы жаңалықтар