Нарықтық экономиканың заманы өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Иә, бүгінде нарықтық экономикадан бұрын когнитивті экономиканың негіздерін білген тиімді. Көрші ресейлік кәсіпкерлер оны әбден біліп алған. Соның арқасында өз экспорттарын ұлғайтып отыр. Қазақстандық кәсіпкерлер де дәл сол когнитивті экономикаға басымдық берсе, еш ұтылмайды, өз тауарларын шетелге көптеп шығара алады. Оған қоса, ел үкіметі экспортқа шығатын бизнестің біраз шығындарын өтеп жатыр. ҚазАқпарат тілшісі когнитивті экономиканың маңыздылығына, сондай-ақ қазіргі экспорттық саясаттың негізгі мәселелеріне тоқталды.

Шыны керек, қазіргі кезде тауардың бағасы ғана емес, атауы да біздің таңдауымызға қатты әсер етеді. Себебі кез келген өнімнің атауы сан алуан ойларға түрткі болып, тауардың сапасына деген көзқарасымызды қалыптастырады. Мысалы, екі бөлек техникада неміс пен қытайдың атауы болса, сөз жоқ, алдымен немістің техникасына жүгіреміз. Бағасына да қарамаймыз. Ал сол техника, шынымен де, Германияда жасалды ма, жоқ әлде, Қытайда шықты ма, оған мән бермейміз.

«Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Азамат Ойнаровтың айтуынша, қазіргі кезде ресейлік кәсіпкерлер де когнитивті экономиканың дәл осы негіздерін әбден меңгеріп алған. Олар шетелдік брендтердің тұтынушының қалауына қатты әсер ететінін жақсы біледі. Сондықтан өз тауарларын дәл сол брендтердің атымен сатып жатыр. «Мәселен, Faberlic, Borg Elenberg, Pozalini, Carnaby және тағы басқа көптеген брендтер шетелдік тауарлар болып көрінсе де, барлығы таза - ресейлік өнімдер. Көрші елдің кәсіпкерлері тұтынушының неміс сапасына сенетінін жақсы біледі. Сол себепті техниканы Borg пен Elenberg-тің маркасымен сатады. Киім-кешек жағынан итальяндықтардың имиджі жақсы. Сондықтан Pozalini-дің бренді өтімді екенін әбден біліп алған. Енді, бұрын Еуропаның әрбір мемлекеті өз брендін қалыптастыруға тырысты. Сол арқылы өзіне имидж жасап алды. Енді, ресейлік кәсіпкерлер соның барлығын өз пайдасына іске асыруды меңгеріп алды», - дейді Ойнаров. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанның сауда орталықтарында сатылатын киімдер сырт көзге шетелдік тауарлар болып көрінсе де, басым бөлігі - ресейлік брендтер. Sela - ресейлік бренд, INCITY - ресейлік бренд, Kanzler - ресейлік бренд. Ондай бутиктер көп. Қазақстандық кәсіпкерлер де өз тауарларын экспортқа шығарғанда когнитивті экономиканы жан-жақты қолдануы қажет.

Араб Әмірліктерінде жұмыс істеп жүрген Гүзәл есімді кәсіпкер еліміздің экспорттық саясатының тағы бір осал тұсын байқады. Оның айтуынша, бүгінде қазақстандық тауарларды сатып алып, басқа елдерге таратамын дейтін дистрибьторлар бар. Олар интернетті қопарып, Қазақстандағы экспорт заңнамасы мен жалпы ережелерге қатысты ақпаратты көп іздейді екен. Алайда қажетті мәліметтерді ағылшын тілінде таппаған соң, осы жаққа келуге асықпайды. «Сондықтан мемлекеттік органдарға экспортқа қатысты барлық ақпаратты ашық жариялаған дұрыс. Мысалы, рұқсаттың бағасы, жалпы қазақстандық тауарларды сыртқа шығару үшін қандай құжаттар қажет? Осының барлығын ағылшын тілінде жарияласа, шетелдік дистрибьюторлар көптеп келе бастайды. Соның арқасында экспорттың көлемін айтарлықтай ұлғайтуға болады», - дейді Гүзәл. Бір қызығы, шетелдік дистрибьюторлар біздегі құжаттардың тізімін білмесе, өзіміздің мемлекеттік органдар да шетелдегі талаптарды көп біле бермейді. Ол да отандық тауарларды экспорттауға қолбайлау болып отыр. «Біз өз тауарымызды шетелге шығарғанда ол жақтың құзыретті органдары денсаулық куәлігін сұрайды. Өзіміздің мемлекеттік мекемелер ондай құжатты білмейтін болып шықты. Мысалы, қазір Түркияда омарташылар конгресі өтейін деп жатыр. Бірақ біз өз өнімімізді апара алмай отырмыз. Себебі денсаулық куәлігін сұрайды. Енді, оны қайдан алатынымызды біле алмай, дал болып жүрміз. Қазақстанның ветеринарлық қызмет те, басқалар да ештеңе білмейді», - дейді бал шаруашылығының менеджері Әсел Қоспанова.

Экспортты ұлғайтуға кедергі болып отырған тағы бір мәселе - кедендік рәсімдер. ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы Стратегиялық зерттеу мен талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары Олжас Жораевтың айтуынша, елімізде экспорт пен импорт саласындағы кедендік операциялар кезінде дисбаланс барынша байқалады. «Мәселен, дамыған мемлекеттерде экспорт пен импорттың кедендік рәсімдері біркелкі жүргізіледі. Ал Қазақстандағы кедендік рәсімдер импорттық тауарларды жеңіл өткізсе, экспортқа, керісінше, тосқауыл болып жатады. Соның салдарынан қазақстандық тауарлар халықаралық нарықтарға шыға алмайды», - дейді Олжас Жораев. Қазіргі кезде көлік-логистика инфрақұрылымының сапасыз болуы да экспорт көлеміне кері әсерін тигізіп отыр. Кәсіпкерлер үшін жол шығындары кей кезде тауардың соңғы бағасының 30 пайызын алып жатады. Ондайда отандық тауарлар қымбатқа сатылады да, өзге елдердің өнімдерімен бәсекеге түсе алмайды.

Ашығын айту керек, елімізде экспортты ұлғайтуға арналған барлық шаралар қолға алынып жатыр. Дамыған мемлекеттерде атқарылатын шаралар бізде де жасалуда.  Алайда нақты нәтиже әлі де байқалмайды. Экспорттың көлемі төмендеп келеді. «Қазақстанда өндіріс орындары толық жұмыс істемейді, тіпті бос тұрған кәсіпорындар да бар. Экспортты арттыруға арналған мемлекеттік қолдау шаралары баршылық. Экспорттық сақтандыру, қаржылық қолдау, сан алуан роуд-шоулар, салықтық жеңілдіктер және тағысын тағы. Бұның барлығы дамыған мемлекеттерде де бар. Соған қарамастан, Қазақстанның экспорты азайып келеді», - дейді сарапшы Ержан Салтыбаев. Оның ойынша, қазіргі кезде отандық кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығу қажет. Себебі бұрынғы нарықтар біртіндеп жабылып келеді. «Алысқа бармай-ақ қояйық, бүгінде біздің алкоголь өндірушілеріміз көрші елдерде сан алуан кедергілерге тап болып жатады. Кеден, салық және тағы басқа тосқауылдар баршылық. Экспорттың төмендеуіне ол да әсер етуде. Ал отандық кәсіпкерлер дәстүрлі нарықтарға үйреніп, бұрынғы псиxологияға байланып отыр. Соның салдарынан жаңа нарықтарды игеруге құлшыныс жоқ. Бізге Вьетнам, Индонезия, Тайланд, Үндістан, Бангладеш сияқты Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне шығу қажет. Өйткені ол жақта ресурстарға да, тауарларға да сұраныс бар», - деп атап көрсетті Салтыбаев.

Негізі, жаңа нарықтарды игеруге еш қорықпау қажет. Себебі мемлекет тарапынан отандық кәсіпкерлерді ақпараттық қолдау ғана емес, олардың қаржылай шығындарын өтеу жағы да қарастырылған. Мәселен, бүгінде тауарды экспортқа шығару үшін алдымен өзге елдердің нарықтарын жан-жақты зерделеу керек. Дәл осы талдау материалдарын «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының сарапшылары тегін ұсынады. «Негізі, біз отандық тауарларды шетелде кеңінен жарнамалауға да атсалысамыз. Осы мақсатта сан алуан презентацияларды ұйымдастырамыз. Қазақстандық брендтерді халықаралық көрмелерге  қатыстырамыз. Былайша айтқанда, шетелдің нарықтарын зерттеуден бастап нақты  келісімшарттарға дейінгі жұмыстарды атқарамыз. Сондай-ақ, отандық кәсіпкердердің өз шығындарын өтеу бағдарламасын жүргіземіз. Бүгінде шетелде жарнама жасау, куәлік алу, тауар белгілерін тіркеу, сауда орнын ашу және қоймаға кететін шығындардың жартысы қайтарылады. Мысалы, осы уақытқа дейін шамамен 200 кәсіпкеріміз 1,5 млрд. теңгенің шығындарын өтеп алды», - дейді компания төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов.

Айтпақшы, алдағы уақытта «Kazakh Invest» бірқатар мемлекеттерде қазақстандық тауарларды жарнамалауға арналған шараларды өткізуді көздейді. Сол себепті жаңа нарықтарды игеруге бел буған бизнесмендер осы мүмкіндікті қалт жібермеуі тиіс. 

Соңғы жаңалықтар