Наиль Нұров Универсиададағы бірнеше спорт сайыстарының неге кейінге шегерілгендігін түсіндірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Универсиада-2017-ге дайындалу және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров студенттер ойынындағы бірнеше спорт жарыстарының кейінге шегерілуіне орай түсінің берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, бүгін таңертең «Шымбұлақ» тау шаңғысы кешенінде 50 см-ден астам қар жауып, көру мүмкіншілігі 5-700 метр аралығында болды.

«Өкінішке орай, кейбір жарыстарды уақтылы өткізуге ауа райы мүмкіндік бермеді. Әйелдер арасындағы кросс ертеңге қалдырылды. Сноуборд сайысы екі сағатқа кешігіп басталды. Одан бөлек, қоссайыс, шаңғы жарысы мен тұғырдан шаңғымен секіру бәсекелері кейінге шегерілді. Бүгінгі ауа райы қолайсыз болды. Сондықтан, «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде биатлоншылар мен шаңғышылар жарысы екі сағатқа кешігіп басталды, осыған орай, ұйымдастыру комитеті қоссайысты ертеңге ауыстырды», - деп түсіндірді ол.

Синоптиктердің мәліметіне сүйенсек, жақын күндері қар жауады деп күтілуде. Универсиаданың ұйымдастыру комитеті табиғат құбылыстарын есепке алып, кез келген жағдайға сақадай сай отыр.

«Бүгінгі ауа райына бойымыз үйренді, ертең барлығымызға оңай болады деп ойлаймын. Осындай жайсыз ауа райында биатлоннан алғашқы «алтынымызға» қол жеткіздік. Матч кез келген ауа райында өткізіледі. Қазір біз қандай да бір жарысты тоқтатуды қарастырмаймыз», - деп айтты Дирекцияның басшысы. 

Ол бірде бір спортшының ауа райына және жарыстың кейінге шегерілуіне қатысты шағым жасамағандығын атап өтті.

Наиль Нұров кейінге қалдырылған ойындардың жарыстар кестесіне орналастырылуы туралы пікір білдірді. «Спорттың барлық түрі бойынша қосымша тағы бір күн бар, яғни жарысты өткізуге мүмкіндік бар деген сөз. Егер қосымша берілген күні де сайыс өтпесе, арнайы регламентке сәйкес оны қайта қараймыз», - деп мәлімдеді ол. 

Соңғы жаңалықтар