Нағыз сары майдың бір келісі 2 750 теңге болуы тиіс - АШМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрлігі тамақ қауіпсіздігін бақылау шараларын толығымен өзіне жүктеуді сұрап отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниевтің айтуынша, бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы бірыңғай органның болмауынан теxникалық регламенттер толыққанды орындалмайды. Соның салдарынан ішкі нарықты қорғау қиын.

"Мәселен, сырттан келетін құс еті бірнеше рет мұздатылады. Себебі ішіне су және тағы басқа қоспаларды араластырып жатады. Негізгі мақсат - еттің салмағын арттыру. Сол сияқты сары майды өндіру саласында фальсификация көп. Негізі, теxникалық стандарттар бойынша сары майдың бір келісін өндіру үшін, кем дегенде, 22 литр сүт керек. Сонда нағыз майдың өз бағасы келесі үшін 2 750 теңгеден кем болмауы қажет. Ал өткен жылдың 11 айында Қазақстанға 1 858 тонна шетелдік сары май импортталды. Аталған өнімнің бағасы екі есеге арзан болып шықты. Бұл дегеніміз, ондай майды өндіру кезінде арзан қоспалар қолданылады", - деді А.Евниев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, сары май сияқты шетелдің арзан өнімдері отандық тауарларды шығаруға кедергі болып отыр. Себебі бағасы - арзан, бірақ сапасы - төмен. Арзан өнім импортталғаннан кейін мемлекет тарапынан отандық өнімдерге жасалатын барлық қолдау шаралары тиімсіз болып қалады.

"Сол себепті Ауыл шаруашылығы министрлігін барлық тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау саласындағы бірыңғай орган ретінде белгілеу керек. Ондай тәжірибе Канада, Франция, Литва, АҚШ, Қытай сияқты елдерде бар", - деп атап көрсетті А.Евниев.

Соңғы жаңалықтар