Нью-Йорктегі қазақстандық шаштараз жайлы деректі фильм түсірілуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары қазақстандық деректі кино саласы үшін жас кинорежиссер, продюсер және оператор Қанат Бейсекеевтің шығармашылығы тың жаңалық болғаны сөзсіз. Оның «Бала», «Азат етілген», АҚШ-тағы қазақстандықтардың өмірінен сыр шертетін туындылар топтамасы және басқа да жұмыстары кеңінен танымалдыққа ие болды. Нью-Йорктің Бруклин ауданындағы жалдамалы пәтерде ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Қанат Бейсекеев өзінің өмірі, деректі фильмдер және шығармашылық жоспарлары жайында сыр шертті.

- Нью-Йоркке қалай келдіңіз?

- 2013 жылдың жазында  «Сәби» қорының Нью-Йорк киноакадемиясында  «фотожурналистика және фотография» сыныбында оқуға грант ұтып алып, онда бір жыл білім алдым. Одан кейін бір жыл практика болды. Дәл осы жерде жеке өмірімді бастап, есейе түстім десем де болады. Менің жеке басыма және шығармашылығыма қатысты қуаныштарым мен күйзелістерім дәл осы қаламен тығыз байланысты. Нью-Йоркті жасқы көремін және оны жақсы түсінемін де. Сондықтан болар, Қазақстанға оралғаннан кейін де мұнда жиі келіп тұрдым. Мәселен, осы жылдың өзінде Нью-Йоркке әртүрлі себептермен 8 рет келіппін. Қазіргі уақытта екі қаланың арасында - Алматы мен Нью-Йоркте тұрып, жұмыс істеудемін. Нью-Йоркке келген сайын Бруклин ауданынан пәтер жалға аламын. Бұл қылмыс жиі орын алатын аудан деген стереотип қалыптасқанымен, іс жүзінде өте тыныш аудан. Біршама арзан әрі орналасуы жағынан да ыңғайлы. Бұл жолы Нью-Йоркке 2,5 айға келдім. Ақпан айында Канадаға, Торонтоға баруды жоспарлаудамын.

- Не үшін деректі кино жанрын таңдадыңыз?

-  Өйткені ол шынайы өмірді көрсетеді. Бұл ойдан шығарылмаған тарих. Әрине, ол көркем фильмнің көлеңкесінде қалып қояды. Дегенмен әдемі түсіруге тырысамын. Визуалды аспектілер де маңызды. Өкінішке орай, қазіргі уақытта Қазақстанда деректі кино түсірлмейді десек те болады. Жалпы өзім көрген емеспін.

- Шабытты қайдан аласыз?

- Дәл осы Нью-Йорктен күш аламын. Екі айға жуық уақыт бойы ештеңе жасамадым. Маған ештеңенің де қажеті болмады. Маған Бруклинге келіп, клиптер, фильмдер көріп, кітап оқу, серуендеу, барға барып кофе ішу, жаңа адамдармен кездесу қажет болды. Монтажға саусағымның ұшы да тиген емес. Негізінде, 1,5 жыл үздіксіз жұмыс істеп, әдбен қалжыраппын, сондықтан демалыс қажет болды.

- Атыңыз танымал болғаннан кейін қызықты ұсыныстар түспеді ме?

- Қазақстанда сериал түсіруді және толық метражды көркем фильмге режиссерлік жасау ұсынылғанымен, келісімімді бермедім. Сериалға қатысты айтарым, сценарийге икемделгім келмеді. Менің өз көзқарасым бар. Ал көркем фильмге  сол уақытта кірісу мен үшін тым ерте еді.

- Болашағыңызды Қазақстанмен байланыстырасыз ба?

- Байланыстырғым келеді. Менің ойым, идеяларым барлық уақытта да Қазақстанмен тығыз байланысты. Дегенмен,  оған шырғалып отырғаным да жоқ.

- Шығармашылық арманыңыз бен мақсатыңыз не?

- Коммерциялық тұрғыда да табысты боларлықтай толық метражды деректі фильм түсіргім келеді. Бұл салада революционер болуды қалаймын. Ол үшін шын мәнінде бірегей, есте қаларлықтай оқиға қажет. Соны іздеу үстіндемін.



- Оқиғаны қалай іздейсіз?

- Біздің ортамызда өмір сүріп жатқан қарапайым адамдардың шынайы тарихы мен үшін барынша қызықты. Мәселен, «Көршілер» фильмі қарапайым адамдардың батырлық тарихы десек артық айтқандық емес. Мен олар жайында естігеннен кейін түсіру қажет деп шешім қабылдадым. Оларды әлеуметтік желі арқылы тауып, фильм түсіруді ұсындық. Жанжал болуы тиіс - бұл драматургия. Тағы бір мысал - аяғынан айырылған биші жайындағы «Билегім келеді» фильмі. Аталған фильмді түсіру үшін Қазақстаннан АҚШ-қа арнайы екі рет келдім. Ал қазір шаштараз жігіт жайында фильм түсіріп жатырмын. Онымен  екі жыл бұрын танысқан едім. Сол кезде-ақ уақыт өте келе ол жайында фильм түсіретінімді білдім. Яғни, нақты сызба жоқ, түрлі дереккөздерінен оқиға іздеймін.

- Дәл қазіргі кезеңде тағы немен айналысып жатырсыз?

- StandUp-тағы Нұрлан Сабыров жайындағы фильмді аяқтауға жақын қалдым. Күзге қарай деректі қысқа метражды фильмдерді аяқтағым келеді. Олар телеарналарға жіберілетіндіктен әзірше егжей-тегжейлі айта алмаймын. Бұған қоса АҚШ-та Uber арқылы жұмыс істейтін қазақстандық таксишілер жайында фильм түсірмек ойымда бар. Басты кейіпкерім қазақ қызы болмақ.



- Шығармашылығыңыз табыс әкеле ме?

- Өте көп деп айта алмаймын, дегенмен, қазіргі уақытта біртіндеп табыс таба бастадым. Менің арнамда жарнамалық фильмдер бар, содан пайда көремін.

- Сүйікті туындыңыз қайсысы?

- «Бала» фильмі, бұл жеке жобам. Мен ұзақ уақыт жасадым әрі өзімнің басымнан кешірдім. Ішіне кіріп те кеттім десем болады. Осы фильмнен кейін келешекте бала асырап алуға дайын бола түстім десем артық айтқандық емес. Америкалықтардың қазақстандық балаларды асырап алуына қойған шектеудің алынып тасталғанын да қалаймын.

- Кино түсіргісі келетін жастарға, жалпы барлығына қандай кеңес берер едіңіз?

- Жәй ғана бастап, кірісіп кету керек, жалқаулықтың реті жоқ. Мұнан басқа ешқандай кеңес те бере алмаймын. Талантты болғанымен жалқау адамдар өте көп. Өзімді таланттымен деп санамаймын, барлығына да табанды еңбектің арқасында жетіп келемін. Бұған қоса, өз ісімді жақсы көремін және барлық уақытта да өзіме ұнайтын іспен айналысамын.

Соңғы жаңалықтар