Мысырда жоғалып кеткен қазақстандық 6 студент табылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мысырда жоғалып кеткен 6 қазақстандық студентті Каирдің құқық қорғау органдары ұстап отыр. Бұл жайында ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Біздің дипломаттарымыздан Мысырда жоғалған қазақстандық студенттерді іздестіру нәтижесі бойынша алдын ала ақпарат түсті. Жаңа ғана сенімді көздерден алынған ақпарат бойынша аталған қазақстандық студенттерді Каир қаласында құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстап алған және олар осы елдің аумағында. Олардың өмір мен денсаулығына төнген қатер жоқ», - деп жазды ол.

Жайнақовтың атап өтуінше, қазіргі кезде Қазақстанның Мысырдағы Елшілігі Мысыр тарабынан біздің азаматтарымыздың ұсталуы, қазіргі орны мен жағдайлары туралы ресми жауап талап етуде.

«Таяу арада Қазақстан елшісі Мысыр Сыртқы істер министрінің орынбасарымен осы мәселеге байланысты кездесу өткізбек. Қосымша ақпарат Мысыр тарабымен келіссөздер нәтижесі бойынша хабарланатын болады. Осы мәселе Қазақстан Сыртқы істер министрлігі басшылығының ерекше және үнемі бақылауында», - деді Әнуар Жайнақов.

Соңғы жаңалықтар