Мырзатай Жолдасбековтің мерейтойында ғалымның өзі бейнеленген ерекше кілем сыйға тартылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ғалым-түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шаралар жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2017 жылдың 26-27 мамыры күндеріне жоспарланған «Түркі әлемі және халықаралық байланыстар: тарих, тұлға, келешек» конференциясы басталды.

Халықаралық ғылыми конференцияға Армения, Әзербайжан, Германия,Түркия, Венгрия, Өзбекстан, Ресейдің және еліміздің әйгілі ғалымдары қатысады деп күтілуде. Онда М.Жолдасбековтің қоғам  қайраткері, дипломат, ғалым ретіндегі тұлғасы, көшпелілер мұрасы мен тарихи ескерткіштері, түркітанудың келешегі мен даму мәселелері талқыланады.

Конференцияның ашылу салтанатында еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар, әкімдер, ҚР жоғары оқу орындарының  ректорлары құттықтау лебіздерін білдіріп, сый-сыяпаттарын табыстады. Белгілі ақын, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының кеңесшісі Бауыржан Жақып М.Жолдасбековке арнау өлеңін оқып, әл-Фараби алтын медалін тақты. Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева дизайнер мамандығын меңгеріп жатқан студенттері тіккен әсем шапанды М.Жолдасбековтің иығына жапты. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай мерейтой иесі бейнеленген ерекше кілемді сыйға тартты.

«Кілемнің төркіні қазақтың Алтайында. Алтайда Пазырық атты кілем болған. Бұрындары елге еңбегі сіңген, үлкен ғұлама ғалымдарды ғана бейнеленген екен. Сол Шығыстың дәстүрімен бейнеңізді кілемге салдық. Бұл сіздің ерен еңбегіңіздің белгісі», - деді Дархан Мыңбай.

«Осы жасыма дейін ешкімге қиянат жасамадым, ешкімнің бағын қызғанбадым, кісінің ала жібін аттамадым, адамның жаманы жоқ деп есептедім, қазақты жанымдай көрдім. Ұлы ағаларым М.Әуезов, Ә.Марғұлан көрмеген тәуелсіздікті көрдім, сол бақыттың нұрына шомылып жүрген адаммын. Ұрпаққа айтарым, Алла Тағала берген жарық нұрын ақылмен пайдалана біліңдер, тура жолдан адаспай, тура жүріңдер», - деп өсиет айтты мерейтой иесі.

Шара соңында ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Серік Қирабаев, ҚР ҰҒА академигі, профессор Жабайхан Әбділдин және Бауыржан Жақып Мырзатай Жолдасбековтің өмірі мен шығармашылық қызметіне арналған жаңа кітаптардың тұсауын кесті.

Соңғы жаңалықтар