Мырзахметов: Агроғылымның дамуына кедергі келтіріп отырған бірден бір жайт - жүйесіздік

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақ Ұлттық  аграрлық университетінде  «Аграрлық салада  кадр мен  ғылымды дамыту» тақырыбында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтің қатысуымен семинар-жиналыс өтті.

Жиынға ғалымдар, «Атамекен» ҰКП өкілдері, республикалық аграрлық оқу орындарының басшылары, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, бизнес қауымдастық  өкілдері қатысты, деп хабарлайды   ҚР АШМ Баспасөз қызметі.

Ауыл шаруашылығы - кез келген мемлекеттің дамуының  негізгісі. Оның дамуы үшін заманауи технология мен мамандар қажет екені белгілі. Семинарда  осы мәселелер талқыланды.

Қазіргі таңда аграрлық ғылым жетістіктері кешеуілдеуде. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша озық технологиялар мен инновациялардың үлесі аз екенін айта кеткен жөн.

Мамандардың жасының ұлғаюы, ғалымдардың басқа салаға ауысуы, жастардың ғылымға қызықпауынан ауыл шаруашылығы ғылымының деңгейі төмендеуде.

Мысалы, соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығы ғылыммен айналысатын мамандардың саны 8%-ға кеміді, ғылыми дәрежесі бар ғалымдардың орташа жасы - 57 жас, бас ғылыми қызметкерлердің орташа жасы - 65 жас, жетекші және аға ғылыми қызметкерлердің- 54 жас, кіші ғылыми қызметкер - 30 жас болып табылады. Зейнеткерлік жасындағы ғалымдар 15% құрап отыр. Экономиканың басқа секторымен салыстырғанда, ғалымдардың орташа жалақы мөлшері біршама төмен.

Жыл сайын біршама қаражат бөлінсе де, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының нақты критерийлері анықталмаған, ғылыми зерттеулерді енгізу деңгейі төмен деп айтуға болады.

Соңғы 10 жылда ғылыми зерттеулерге бюджеттен 50 млрд теңге бөлінді. Ал енгізілген ғылыми зерттеулердің саны 262-ні ғана құрап отыр.
null

Ал халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бизнес-қауымдастық өкілдері тарапынан ғылымды қаржыландыру үлесі Люксембургте - 80%, Жапония мен Германияда - 70 %, в Финляндия, Швеция, Қытай, АҚШ-та - 65%, Францияда  - 54 % құрайды. Ал бұл көрсеткіш біздің елімізде небәрі 5% құрап отыр.

Сонымен қатар, аграрлық сектордың дамуының бір көрсеткіші - жоғары білімді кадр даярлау.

Қазіргі таңда ауылда маман тапшы. Жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен бітірген түлектердің 50% ғана ауылды жерлерде жұмыс жасайды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтың айтуынша, не үшін жұмыс істеу керек екенімізді ойланатын нақты мақсат бар. "Меніңше, ғылымның, оның ішінде агроғылымның дамуына кедергі келтіріп отырған бірден бір жайт - ол мәселені шешудегі жүйесіздік. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Ұлттық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ жүйесін жетілдіруді мақсатты түрде жүргізу керек".

Жиын қорытындысында Жол картасын іске асыру бағытында кадр саясаты жүйесін жетілдіру мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар дайындауды және әлемнің жетекші университеттерінен ғалымдардың тәжірибеден өту жүйесін жетілдіру туралы тапсырма берілді.

Сонымен бірге А.Мырзахметов Қазақ Ұлттық аграрлық университеті базасындағы Агротехнологиялық хаб жұмысымен танысты. Агрохаб агроғылым, білім және өндірістің өзара әрекет алаңы ретінде 2016 жылы құрылған болатын.

Агрохабтың құрамына Қазақ-Жапон инновациялық орталығы, Су, Агроинженерлік мәселелер және энергия үнемдеу, Қазақ-Корей, Тұрақты егін шаруашылығы, Азық-түлік  технологиясы және сапа орталықтары, Инновациялық жылыжай, «Агроуниверситет» оқу-тәжірибе шаруашылығы, Қазақстан-Беларус агроинженерлік инновациялық орталығы кіреді. 

Хаб университеттің діңгегі бола отырып, мемлекеттік-жекешелік серіктестік механизмі көмегімен қысқа мерзім аралығында  агробизнеске инновациялық идеялар мен технологияларды, стартап-жобаларды тартады. Сол арқылы жалпы республиканың ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыратын болады.

«Бүгінгі күнгі табысты жұмысымыздың бірі Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі  АӨК саласындағы  Агрохаб  болып табылады. Трансфертті технологиялар жобаларын дамыту АӨК үшін маңызды. Көріп отырғанымыздай, Агрохаб  мықты ұжым мен әдістемесі бар және американдық ақпарат және  технология орталығының басшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарып отыр» - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Соңғы жаңалықтар