Мыңнан аса мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға тағайындалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аттестация қорытындысы бойынша 1 405 мемлекеттік қызметші жоғары тұрған қызметке тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік қызметшілердің кешенді аттестациясын жүргізу «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында ескерілген және бұл шаралар халыққа қызмет ету ұстанымдары бойынша Мемлекет басшысы белгілеп берген мақсатқа ықпал етеді. Алғаш рет аталған аттестация ауқымды түрде өткізіліп, «Б» корпусындағы барлық қызметшілерді қамтыды. Жалпы, 2017 жылы аттестациядан 66 853 мемлекеттік қызметші өтті», - делінген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарламасында.

Атап айтқанда, жеке құзыреттілігіне жасалған бағалау барысында қызметшінің заңнама аясында мемлекет мен қоғамға қызмет етудегі адалдығы, этикасы және өзге де қасиеттері назарда болды.

Тестілеу нәтижесінде орталық мемлекеттік органдардың жоғары басқарушы буыны қызметшілерінің арасында «шешім қабылдау» мен «қызметті тұтынушыға бағдарлану» құзыреттіліктері дамығандығы көрінген. Ал жергілікті атқарушы органдары басқарушыларында «сабырлық» пен «қызметті тұтынушыларды ақпараттандыру» құзыреттері айқын байқалады.

Сонымен қатар ары қарай дамуды қажет ететін қызметтік өкілеттіктер анықталды. Мәселен, министрлік қызметшілері «ынтымақтастық» құзыретін тиісті деңгейде көрсетпей отыр, яғни бұл мәселе мүдделі тараптармен конструктивті өзара қатынастарды құруға байланысты.

Сонымен қатар өңірлік қызметшілерде көбіне «өзін-өзі дамыту» күш-жігері жеткіліксіздеу.

«Қазіргі кезде ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы жеке қызметтік өкілеттікті дамыту бойынша бағдарламаларды әзірледі және олар  басқарудың деңгейіне қарай сараланған. Бұл бағдарламалар аясында оқыту шаралары биыл мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру аясында басталады», - деп нақтылады Агенттік.

Жалпы , аттестация қорытындысы бойынша 61 115-і атқарып отырған лауазымына сәйкес келеді, 4 851 адам қызметін жоғарылатуға, 747 адам төмендетуге, сондай-ақ 140 адам қызметінен босатылуға ұсынылды.

«Бүгінде аттестациялық комиссияның шешімдері негізінде 1 405 қызметші мансаптық сатыда жоғарылап, жоғары тұрған қызметке тағайындалды», - дейді ведомство өкілдері.

Соңғы жаңалықтар