Мұратхан Тоқмәди өзіне еш қысым жасалмағанын мәлім етті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталып отырған бизнесмен әрі «Депутаттық корпус» ұйымдасқан қылмыстық тобының серкесі Мұратхан Тоқмәдиге қатысты қылмыстық іс бойынша бір аптаға шегерілген басты сот отырысы қайта басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Тоқмәди 2018 жылдың 8 наурызында 19 сағат 20 минут шамасында Жамбыл облыстық ауруханасынан қашып кеткен. Ол ауруханаға денсаулығы нашарлағаны жайлы шағым түсірген соң жеткізілген болатын. Арнайы жүргізілген шаралардың арқасында, жеті сағаттан кейін ҰҚК қызметкерлері М.Тоқмәдиді Тараз қаласында ұстап, «Жамбыл облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/1 мекемесіне» қамады.

Бүгін Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында банкир Ержан Тәтішевтің өлімі жөніндегі қылмыстық іс бойынша процесс басталды. Оған төрағалық етіп отырған Азамат Тілепов отырыстың басында, БАҚ өкілдерінің қатысуымен Тоқмәдиге қашуының себебін сұрады. Бірақ сотталушы бұл сұраққа жауап бермеді. «Сізге қандай да бір қысым көрсетілді ме?» - деп сұрады судья. Оған сотталушы: «Жоқ, қысым көрсетілген жоқ», - деп жауап берді.

Одан соң күннің алғашқы жартысында іске қатысы бар ҰҚК бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевтың видеобайланысы тыңдалатыны жарияланды. Сонан соң, жауап алу кезінде мемлекеттік құпиялар айтылуы мүмкіндігіне байланысты, журналистерден залдан шығуын сұрады.

Тоқмәди ісі бойынша жарыссөздер күннің екінші жартысына көшірілді.

Банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты қылмыстық іске 130 куәгер шақырылып, соның 73-інен жауап алынған, 57-сінің жауабы жарияланған.

Куәгерлердің түсініктемелерінен сотталушы М. Тоқмәди мен өлтірілген банкир Е. Тәтішев, ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Н. Дүтбаев және өлтіруге тапсырыс берген қашқын олигарх М. Әблязов арасындағы қатынастардың жалпы картинасы белгілі бола бастады. Мемлекеттік айыптаудың өкілі сот талқылауы барысында аты аталған және Е. Тәтішевтің өліміне қатысы бар тұлғаларға қатысты материалдар жеке қылмыстық іске жіктеліп, тергеу жүргізілетінін жеткізді.

Еске сала кетейік, «КазСтройСтекло» ЖШС иесі Мұратхан Тоқмәдиге «Тұран Әлем Банкі» АҚ бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевті өлтірді деген айып тағылуда. Оған тапсырыс беруші ретінде, «Тұран Әлем Банкі» АҚ басшысының өлімін $4 млн-ға бағалаған қашқын олигарх Мұхтар Әблязовтің есімі аталған. Бұрын Тоқмәди «абайсызда өлтіргені» үшін бір жылға сотталып, артынша рақымшылықпен түрмеден босатылған. 2017 жылы М.Тоқмәдиге 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі «ж», «з» тармақтарында (адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, бопсалаумен не бандитизммен адам өлтіру) қарастырылған қылмыстар жасады деген айып тағылып, үш жылға бас бостандығынан айырылған. Бас прокуратура банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты жаңа деректер бойынша тексеріс жүргізіп, осы іс бойынша сот өндірісі қайта басталған.

Е. Тәтішевтің өлімі бойынша М. Тоқмәдиге қатысты қылмыстық іс 79 томнан тұрады. Процеске судья Азамат Тілепов төрағалық етуде.

Соңғы жаңалықтар