Мұратхан Тоқмәди банкир Тәтішевті өлтіргенін толық мойындады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Жамбыл облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында "Депутаттық корпус" атты қылмыстық топтың серкесі Мұратхан Тоқмәдиге қатысты басты сот талқылауы басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Қылмыс әлеміне «Мурка» лақап атымен белгілі Мұратхан Тоқмади өткен жылдың қазан айында Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен 3 жылға сотталған. Оған "Депутаттық корпус" атты қылмыстық топ құрып, бизнестегі әріптесінің дүние-мүлкін иеленіп кетті, заңсыз қару-жарақ сақтады деген айып тағылған. Күдікті енді адам өлтіру дерегі бойынша  айыпталуда.

Атап айтқанда, ҚР Қылмыстық кодексінің 96-бабының 2-бөлігі «ж», «з» тармақтары бойынша («алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған адам өлтіру», «пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен ұштасқан адам өлтіру») айып тағылып отыр. Көлемі 79 том болатын іс материалында оның «Банк Тұран Алем» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Е.Тәтішевті өлтіргендігі баяндалған.

Сот барысында айыпталушы өзіне тағылған айыптардың бәрі негізді екенін айтып,  Ержан Тәтішевті өлтіргендігін толықтай мойындады.

«Иә, мен кiнәмдi мойындаймын. Жасаған iсiме өкiнемiн», - дедi ол.

Мұратхан Тоқмади жақындары үшін алаңдағанын, оған қоқан-лоққы көрсетіліп, отбасы бұл қысымнан қорыққандығын айтты. Сондай-ақ, Мұхтар Әбләзовтен Ержан Тәтiшевтi өлтiру үшiн екі траншпен 4 миллион доллар көлемiнде сыйақы алғанын мойындады.

Естеріңізге салсақ, өткен жылы М.Тоқмәди қамауға алынғанда 2004 жылғы оқиға қайта тексерілген. Сол жылы ол банкир Ержан Тәтішевті абайсызда өлтіргені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда, рақымшылыққа ілініп, аз уақыт ішінде босап шыққан.

2017 жылы адам бопсалап, заңсыз қару сақтағаны үшін үш жылға сотталған. Жазасын қауіпсіздігі орта деңгейдегі мекемеде өтеуі тиіс болған. Алайда осы кезде Бас прокуратура алдыңғы кісі өліміне қатысты істі қайта тексерген. Процессуалдық прокурор 2004 жылғы үкім күшін жойып, аталған қылмыстық істі қайта қарау туралы арыз түсірген.

КТК арнасында көрсетілген «Звали его Мурка» атты деректі фильмде Мұхтар Әблязовтың Ержан Тәтішевтің көзін құртуды тапсырғаны айтылады. Оқиға аңшылық кезінде болып, абайсыз кісі өлімі секілді көрінуі тиіс болған. Ержан Тәтішевтің өлімінен кейін «ТұранӘлемБанктің» (кейін банк БТА деп аталды) тізгінін Мұхтар Әблязов алғаны белгілі.

Сот барысында айыпталушы мұның барлығын егжей-тегжейлі баяндады. Яғни, банкир Ержан Тәтішевті 2004 жылдың 19 желтоқсанында  Қордай ауданы Отар стансасы маңында аңшылыққа шыққан кезде өлтіргенін айтты. Бірақ сол кезеңде Отар станциясы маңында болған «қайғылы оқиғаға» қатысты іс мылтықтың  шүріппесінің байқамай басылып кетуі салдарынан болған жағдай ретінде сипатталды.

Бұл нұсқа бойынша оқиға былай сипатталады: Ержан Тәтішев «Тойота Ланд Крузер» көлігімен далада аң қуып келе жатқан. Қуып жеткен кезде ол 12-калибрлі мылтықты арт жақта отырған Мұратхан Тоқмадиге берген. Дәл осы сәтте джип шұңқырды басып өтіп, мылтық өздігінен атылып кеткен. Оқ Ержанның шүйдесінің оң жағына тиіп, сол жақ көзінен шыққан.

Айыпталушы Ержан Тәтішевпен бизнесін дамыту үшін аңшылықты ортақ әуестік есебінде көрсетіп, әдейі танысқандығын жеткізді. Әбләзовтің нұсқауы бойынша барлығын жазатайым оқиға ретінде көрсеткендігін, Тәтішевтің алғашқы қар жауғанда аңшылыққа жиналатындығын біліп, алдын ала барлығын жоспарлағандығын айтты.

2004 жылдың желтоқсан айында Тәтішевке өзі телефонмен хабарласып, бірге аң аулап қайтуға шақырған. Осы сапарда ретін тауып тапсырысты мүлтіксіз орындап шыққан.  Мылтық пен оқ бағытына қатысты детальдардың сот сараптамасын жасау кезінде Тоқмәди тиісті адамдарға 20 мың доллар төлеп, істі бұрмалап жіберген. Сөйтіп абайсызда кісі өлтіргені үшін сол кезде бір жылға ғана сотталған.

Сотта, одан бөлек, Тәтішевтің жеке күзетшісі Козликин мен өзге де куәгерлер жауап берді. 

Соңғы жаңалықтар