Мұрат Әбенов: Пара бергендерді көбірек жария ету қажет

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Пара беретін адамдарды көбірек әшкере ету керек. Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумы жанындағы «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және жасыл экономика» комитетінің мүшесі Мұрат Әбенов осылай мәлім етті, хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жолдағы жемқорлық бойынша көбіне полиция қызметкерлерін сынаймыз. Ал қоғам не қарап отыр? Азаматтар неге пара береді? Пара алған полицияны ұстаймыз да, ал неге пара берген адамдарды ұстап, жария етпейміз?», - деді М. Әбенов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, бұл бағытта 2017 жыл өте белсенді жыл болды, осы орайда азаматтар өте жоғары белсенділік танытқан.

«Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2017 жылдың басынан бастап бізді шақырып (Арнайы мониторинг тобына), жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарға қатысты ұсыныстарымызды назарға алды. Мемлекет бір өзі қанша сыбайлас жемқорлықпен күрескенімен де жетістікке жете алмайды, яғни қаржы да, осымен айналысатын қызметкерлер де жетіспейді. Тек біріксек қана бұл бағыттағы проблемаларды шешу мүмкін болады. Мемлекет өз тарапынан ашық әрі жария түрде жұмыс істеуі керек, ал қоғам соны қолдауы тиіс. Бұл тұрғыда жемқорлық әрекетіне барғандарды сынау қажет. Бизнес «мені қысып жатыр, тексеріп жатыр» деп айқайлай бермей, өзі де пара бермеуі шарт. Ашық түрде конкурстарға қатысып, парасыз жұмыс істеуге екпін қойғаны дұрыс. Азаматтарымыз оңай жолға түспей, мәселесін парамен шешпей, өзі заңды түрде жүруі керек. Бұл қадамдардың барлығы қатар іске асырылса, тек қана сол кезде ғана сыбайлас жемқорлықты азайтуға болады», - деді Әбенов.

Оның айтуынша, бірлесе атқарылған жұмыстардың барысында авкөліктерді тіркеу, мамандандырылған ХҚКО-лар шаралары әлдеқайда жақсарды.

«Арнайы жоспарлар құрылды. Бұл бағытта ортақ пролемаларды бірге шештік. Мемлекеттік органдардың бір-бірімен байланысы тиісті деңгейде еместігі байқалды. Қазір бұл байланыстар күшейтіліп, ақпараттық базалар өзара қосылды. Заңдарды да өзгертуге қатысты ұсыныс берілді. Барлығын жүйелі түрде шешпесе болмайды, тек қана мемлекеттік қызметкерлерді айыптай берген де дұрыс емес», -деді ол.

Айта кетейік, баспасөз мәслихатына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асырудың сыртқы сараптамасы мен бағалау жөніндегі арнайы мониторинг тобы мүшелері қатысып, олар өздерінің алғашқы нәтижелерімен бөлісті.

Соңғы жаңалықтар