Мұнайдың қоры мәңгілік емес - Бердібек Сапарбаев

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Байғанин ауданының бірнеше ауылына жұмыс сапарымен барып, халықпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев шалғай ауылдарды аралап, халықпен кездесу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл жолы өңір басшысы Байғанин ауданына барып, бірнеше ауылды аралады.

Сонымен бірге, әкім Қызылбұлақ ауылдық округі маңындағы газ өңдеу зауытының құрылысымен танысты. Жобаның құны - 21 миллиард теңге. Өндіріс орны биыл іске қосылады. Бұл ілеспе газды өңдеп, экологияны жақсартуға арналған жоба. Ауыл халқы өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтан газ мәселесін сұрады. Бұған дейін от жағып, күл шығарып жүрген ауыл тұрғындары Жаңажол газ өңдеу зауытының игілігін көреді. Қазіргі кезде Жаңатаң, Бұлақтыкөл және Кeмерші ауылдарына газ тарту үшін дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Құбыр тарту биыл басталып, 2019 жылы аяқталады.

«Мемлекеттің қолдауының арқасында ауылдық жерлерде көптеген мәселелер шешілуде. Салынып жатқан зауыт желтоқсан айында ол пайдалануға беріледі. Алдағы уақытта қосымша 220 миллион текше метр газ алатын боламыз. Қазір зауытта 220 адам жұмыс істейді, олардың 50-і Байғанин ауданының тұрғындары. Қолданысқа берілген кезде шамамен 600 жұмыс орны ашылады. 250-ден астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Ең жақын ауылдардың жастары жаңа өндіріске қажетті мамандықтарды меңгеруі тиіс. Президент тапсырмасының арқасында олар тегін кәсіби және техникалық білім алады. Оқуға баратын болса, олар талап етілетін мамандық иелеріне айналады, оқу кезінде шәкіртақы төленеді. Жастар мал шаруашылығымен айналысуы керек. Мұнда олар мемлекет тарапынан қолдау табады. Мұнайдың қоры мәңгілік емес, оған сеніп отыруға болмайды»,- деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Ал 42 жыл ауыл мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген Мырзаш Нұржанов ауыл тұрғындарының атынан тағы да бірнеше өзекті мәселені көтерді.

«Мен осы жерде туып-өсіп, өмір бойы осында тұрдым. Ауылдың бүкіл тарихында Сіз осы жерге келген облыстың бірінші әкімі болдыңыз. Сондықтан бірнеше мәселені айтайын. Ауылдың іргесіндегі қалдық төгетін полигонды жоюды сұраймын. Желді күндері жағымсыз иіс бүкіл ауылды қамтиды. Электр желілері жөндеу жұмыстарын талап етеді. Жел күні сымдар жиі үзіліп, біз электр жарығынсыз қаламыз», - деді Мырзаш Нұржанов.

Өңір басшысы алдағы уақытта екі мәселе де мұқият зерделенетінін жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар