Мұнай ұрлығымен айналысқан күдіктінің 13 жылдан бергі қылмысы ашылып жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде сотталушы Еркін Ізбасар және оның көмекшісі Қалиевке қатысты қылмыстық істің айыптау қорытындысы жартылай оқылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы Еркін Ізбасар бастаған қылмыстық топқа қатысты алдын ала тыңдау өтті . Қазіргі уақытта сотталушы Еркін Ізбасар мен оның көмекшісі Қалиевті үш адвокат қорғап жатыр. 


Қорғаушылар Ақтөбе, Алматы облыстарынан таңдалған. Сонымен қатар, сот отырысы кезінде Еркін Ізбасардың анасы Мейрамхан Ізбасар да баласын қорғайды.

«Мен сотта ұлым Еркін Ізбасардың құқығын қорғаймын. Ол 1997 жылы жол апатына түсіп, І топ мүгедегі болып қалды. Мүгедек арбаға таңылған. Өткен жылы қамауға алынып, денсаулығы нашарлап кетті. Қазір Теміржол ауруханасында жатыр. Ұсталғаннан бері жарық көрген жоқ, жуынбады. Бұл жерде Еркін Ізбасардың құқығы қорғалмай отыр», - деді Мейрамхан Ізбасар.

Бүгінгі  алдын ала тыңдау кезінде процессуалды прокурорлар айыптау қорытындысын жартылай оқыды. Іс материалына сүйенсек, сотталушы Еркін Ізбасар 2003 жылдан бастап қылмыстық топ құрып, оны басқарған. Алматы, Ақтөбе қаласында жүріп бірнеше кәсіпкерді бопсалап, қорқытқан. Қару ұстады, сақтады, қолданды деген де айып тағылып отыр.

«Ағайынды төртеу» қылмыстық тобының серкесі Еркін Ізбасар өз сыбайластарымен бірге жәбірленуші Елекеевтен кәсіпкерді қылмыс әлемінде қорғау үшін 60 мың доллар сұраған. Олар ақша бермесе, құқық қорғаушыларға шағымданса отбасына, өзіне қауіп төнетінін айтып, бопсалаған», - деді прокурор Шоқпаров.

Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу, «Ұрлық», «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», «Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу» баптары бойынша айып тағылды. Жәбірленушілер арасында кәсіпкерлер мен ірі мұнай компаниялары бар. Сонымен қатар, Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің өкілі жәбірленуші болып сотқа қатысып жатыр.
null

Айта кетейік, қылмыстық іс 252 томнан тұрады. Барлығы 26 сотталушы мен 8 жәбірленуші бар. Оларды 30-ға жуық адвокат қорғап жатыр. Сотталушылардың 8-і ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүр.
null

 

Соңғы жаңалықтар